Get Mystery Box with random crypto!

Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты шаралар | News of Aktobe region 🇰🇿

Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты шаралар қабылдануда

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өңірдің бизнес қауымдастығымен кездесуінде кәсіпкерліктің жай-күйі мен дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер талқыланды. Оған құқық қорғау және қадағалау органдарының, салалық бірлестіктердің басшылары, Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардың бизнес өкілдері қатысты.

Шара аясында мемлекеттік және қадағалаушы органдар басшылары кәсіпкерлерді қабылдады. Сондай-ақ,  жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

Жиынды ашқан Ералы Тоғжанов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырғанын атап өтті.

«Шағын және орта бизнес саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етудің негізгі құралдарының бірі. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында облыста бірқатар нақты шаралар атқарылып жатыр. Ақтөбелік бизнес мемлекеттік қолдаудың дағдарысқа қарсы бағдарламаларын белсенді қолдануда. Мәселен, 2021 жылы 5 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс өңірлер арасында жетекші орынға шықты.

3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, өндірілген өнім көлемі 478,9 миллиард теңгені құрады. Түскен салық көлемі 47 миллиард теңгеден асты. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ұлттық жоба аясында 2600-ден астам жобаға қолдау көрсетілді», - деп нақтылады Ералы Тоғжанов.

Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін тек мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, ірі компаниялар да тартылып отыр. Мәселен, облыс басшылығы Хромтау қаласы кәсіпкерлерінің жобаларын 3 пайызбен несиелендіру бойынша «ERG» компаниясымен келіссөздер жүргізуде.

«Ауыл аманаты» жобасының іске қосылуы ауыл тұрғындарының табысын айтарлықтай арттырады. Оған 24 ауылдық округтің 61 елді мекенінің тұрғындары қатысады.

«Ауыл шаруашылығын дамыту керек, бұл ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартады, қалаға көшу азаяды. Агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар маңызды жобаларды, соның ішінде тауарлық несиелендіруді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Биыл 500 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып, олар халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге және жұмыс істеуге дайын шаруа қожалықтарына беріледі. Жалпы, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты көптеген мәселе бар, біз оларды шешеміз», - деді облыс әкімі.