Get Mystery Box with random crypto!

Сен қайтесің жаныңды мұң басқанда? Өз-өзіңмен оңаша сырласқанд | ымырт

Сен қайтесің жаныңды мұң басқанда?
Өз-өзіңмен оңаша сырласқанда?
Ақтарылғым келеді барып менің,
Өгейсіген өзімдей мұңдастарға.

Сен нетесің сондай бір сәттеріңде?
Мұңның шаңы іліксе пәк көңілге?
Қараймын да отырам ондайда мен,
Қалам ізі түспеген дәптеріме.

Жалғаның да қалады,
арманым да,
Не боп жатыр білмеймін жан-жағымда.
Басқа жүрек соға ма, түсінбеймін,
Бар жүректің мендегі ар жағында.

Мұңайғым да келмейді, қуанғым да,
Тасыдым ба, білмеймін суалдым ба?!
Көктедім бе, білмеймін қуардым ба?!
Сұрақ белгі әйтеуір тұр алдымда.

Мұң да қалып жайына, жыр да қалып,
Отырамын қаламды қынға малып.
...Кезіп кеткім келеді кең өлкені,
Кер бестісін біреудің ұрлап алып.

М.Мақатаев