Get Mystery Box with random crypto!

Бір ақын жігітке бұрынғы жүрген қызының (типа музасының) жазға | tesik qaıyq

Бір ақын жігітке бұрынғы жүрген қызының (типа музасының) жазған хаты екен.
Эдик, сәлем. Қалайсың? Өлеңдеріңді оқып жүрмін. «Ғажап әдебиет» газетінің соңғы санына шыққан топтамаңды оқығаннан кейін, өзіңе хат жазайын деп шештім. Ана бір өлеңіңде «сен де мені ойлайсың ба?» деп жазыпсың. Қалай мен сені ойлаймын? И так проблема көп. Садиктің ақшасы, квартплата, крдеит дегендер сен түгілі туған әкем мен шешемді ойлатпайды. Сен құсап сәтсіз махаббатқа ішім ашып жүрсе арман жоқ екен-ау, ломбардта күйіп кеткен алтындарымды ойласам, жылағым келеді. И ваще проблема жоқ болса да мен сені не үшін ойлауым керек? Жәрайды, ойладым дейін, содан саған удовно бола ма? Не сөз ол?.
Содан кейін әртүрлі гүлдерге теңегеніңді қойшы. Оқып отырып қараптан-қарап қысылам. Жалпы мені аңға, құсқа теңегеніңді қойшы а, Құдай үшін. Құралайым, көгершінім деген теңеулерің маған түк те келмейді. Мен баяғы әбшяганың артындағы қызыл қайыңның түбінде сызылып тұратын талдырмаш қыз емеспін. Мен екі бала туған әйелмін. И саған айтайын, екінші баладан кейін қарным тартылмай қалды. Айтпайын десем де айтқызасың, жалпы дене-бітімім бұрынғыдай емес. Көрсең лирикаңды жыйып қойып, сатира жазып кетер едің. Жәрайды оны да қойшы, бұрынғы кезімді елестетіп жазып жүрген шығарсың. Ал ана «жат құшақта жатырсың ба» дегенің не сөз? Айналайын-ау, ол менің некелі жарым. Қалай ол жат құшақ болады? Сонда менің құшағым - сенің құшағың ба не? Сенің құшағыңда жатсам өз құшағымда жатқан боламын ба? Қой, айналайын. Және «өзге ошақтың отын жақтың» дегеніңді де түсінбедім. Бұл менің өз ошағым, өзімнің отаным. Бұрын сенің ошағыңның отын жақсам бір жөн екен-ау. Газыңа шәй да қойып көрген жоқпын ғой.
Тағы да қайталап айтамын, «мәңгілік махаббатым өзің ғана» дегеніңді де қой. Жалпы мәңгілік махаббат деген сөзді айтпаңдаршы. Осы ақын, жазушы дегендер өтірік айтқандарыңды қойсаңдаршы. Жас балдар шын екен деп қалады ғой. Содан кейін «бір ғана махаббат» дегенді де айтушы болмаңдар. Сендердің кесірлеріңнен бірінші махаббатына қолы жетпегендердің барлығы да өздерін бақытсыз санап, сорлап жүреді. Көптеген жастардың үйленбей жүруіне сендер – ақын, жазушылар кінәлісіңдер. Егер бір ғана махаббат болатын болса, сен қайдан шықтың, мен қайдан тудым? Әлде мына жұрттың барлығы кластастарына үйленді деймісің? Жоқ, айналайын, барлығы да екінші, үшінші махаббаттарына үйленіп, ұрпақ өрбітіп отыр. Тіпті төртінші махаббатына үйленіп, күліп-ойнап жүргендер көп. Бесінші махаббатынан бес бала сүйіп, алтыншы махаббатымен алтын тойға жеткендер бар. Сендер осыны неге насихаттамайсыңдар? Баяғыда мамам кітап оқы, кітап оқы деп қақсаушы еді. Оқымағаным қандай жақсы болған. Оқысам Оспанова Айгүл құсап жүрер едім қиялданып, қашан бойында бір міні жоқ жігіт келіп, өле сүйіп, ертегідей ғұмыр кешер екенбіз деп.
Бұның бәрі әшейін ойласу ғой. Енді тікелей өзіме қатыстыларын айтайын. «Сен де мені сүйген едің» дегенді қайдан шығардың? Мен саған қашан сүйемін деп едім?. Рас, ұнаттым, жақсы көрдім. Әсіресе көзіңді сығырайтып күнге қарап тұрушы едің ғой. Сол сәтің ұнайтын. Бірақ, енді соған бола үйлене салмаймын ғой. Екеуміз қосылып алып, сен күнге қарап сығырайып, мен айға қарап аларып отырсақ, тіршілікті кім істейді? Иә, саған сол кездер үшін ешқандай өкпем жоқ. Шық дедің шықтым, кір дедің кірдім. Театрға бардық, киноаға бардық. Бәрі-бәрі ұнайтын. Бірақ өмір бойы Есентайдың жағасында жүре бермейтін шығармыз. Өмір бойы студент болып жүре беретін болсақ, мен де жүре берер едім. Ең құрымаса магистратураға да түсе алмадық. Тағы да екі жыл жүре тұрар едік. Жатақханадан айдап шыққаннан кейін қайда баруым керек?. Ауыл деген аноооу Атырауда. Бір барсаң қайта келу деген әңгіме жоқ. Ал, менің Алматыда қалғым келді. Сенің ала қоятын түрің көрінбеді. Сол кездерде Алмас жолықты. Алматыда үйі бар екен, астына машинасы бар екен... Солай...