Get Mystery Box with random crypto!

Тақуалық бұл жалпы алғанда Құдайдың қалауына қарай өмір сүруге | SULTANKYZY

Тақуалық бұл жалпы алғанда Құдайдың қалауына қарай өмір сүруге талпыну. Яғни, бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан алшақ жүруге барынша тырысу. Сол арқылы Алланың ризашылығы ұмтылу. Әлемде екі миллиардқа жуық мұсылман бар. Бірақ көп мұсылмандар тақуалық ұғымын намаз, ораза секілді тікелей құлшылық амалдармен ғана шектеп тастайды. Осының нәтижесінде көп жағдайда өмірлерінде тепетеңдік бұзылады. Мұсылман елдерінің бүгінгі кері кетуінің басты себебі осы. Әрине, тақуалықты кең мағынада дұрыс түсініп, барынша амал ететін жекелеген адамдар бар. Бірақ “ауыруын жасырған өледі” демекші жалпы мұсылман қоғамының жағдайды мәз емес.
Мысалы намазға көңіл бөлгеніміздей қоғам алдындағы жауапкепшілікке, кісі ақысына мән бере бермейміз. Намазының біреуін қаза етіп қойса, көңілі ала бөтен болып, өзін қатты кінәлі сезінетін кейбір кісілер мәселесін шешу үшін оп-оңай пара беріп, орайы келіп тұрса, пара да ала береді. Аптап ыстықта ішіп-жемнен тыйылып ораза ұстағанындай айналасындағылардың ақысын жеуден тыйылмайды. Намазды таза жерде, таза киіммен әрі тек дәретпен ғана оқуды бұйырған иләһи діннің өкілі бола тұра көшеге қоқыс тастап, қоғамдық орында ластап жүре беретін жандар да жеткілікті. Ондайлардың басқа жерді былай қойғанда Арафат секілді қасиетті мекендегі тазалыққа қатысты әрекеттері де еш өзгеріссіз.
Арып-аршып қажылық құлшылығын жасап жүріп, қасиетті жерде де кісі ақысын жеуге жол беріп жатқандарды көптеп кездестіруге болады. Шын мәнінде кісі ақысының күнәсі намазды қаза етуден да ауыр. Намаз, ораза секілді тікелей құлшылық түрлері құдай мен пенде арасындағы қатынас болғандықтан, Жаратушы шынайы тәубе еткен құлын қаласа кеше салады. Ал кісі ақысы олай емес. Оның күнәсі ақысы желінген басқа адамның кешіріміне тікелей байланысты. Ал желінген ақы миллиондаған адамға, тұтастай қоғамға қатысты болса ше?
Көп мұсылман астың адал-арамдығын мұқият қадағалайды. Бірақ көбісі қоғамда болып жатқан әділетсіздікке бас ауырта бермейді. Құранда «Қандай да бір қауымға (топқа, адамға) деген іштегі өкпе-реніш, дұшпандықтарың әділдіктен тайдырып жібермесін! Әділдіктен таймаңдар. Өйткені ол тақуалыққа ең жақын іс” делінген.
Сондай-ақ, нағыз тақуалық Құдайдың екі кітабын қатар оқумен жүзеге асады. Бірінші кітап Құран. Екіншісі,
Жаратқанның құдірет қаламымен жазылман мына шет-шексіз ғалам кітабы. Құрандағы аяттар Алланың адамға бағыт көрсетер заңдары болса, “ғалам” атты алып кітаптағы барлық физикалық, математикалық т.б заңдылықтар да Алланың сондай аяттары болмақ. Мұсылмандар Алланың екінші кітабын оқуды, зерттеп-зерделеуді ең маңызды құлшылық қатарына қоспайынша, толық тақуалыққа жете алмайды. Бүгінгі таңдағы кері кетуіміз осының салдары.
(c) Қайрат Жолдыбайұлы