Get Mystery Box with random crypto!

... Қырдың бір де бір батыры Мұхаммедтің кім екенін жете білге | Шылғау

... Қырдың бір де бір батыры Мұхаммедтің кім екенін жете білген жоқ десе де болады.Ұзынқұлаққа қарағанда,Орта жүздің атақты сұлтаны Барақ (1749жылы қайтыс болған) «О, Мұхаммед! Алладан басқа құдай жоқ.Ал Мұхаммед пайғамбар оның елшісі» деп татар мен бұқар молдалары қайта-қайта қақсай берген соң,сол сөздің мәнісін білейін деп "Татарлар мен сарттар Мұхаммед,Мұхаммед деп сарнайды да отырады.Зайыры,оның өзі пысық жігіт болған-ау!" депті дейді.Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша.1822ж алғашқы округтер ашылғаннан бері ислам діні үкіметтің қамқорлығы арқасында қарыштап алға басты.Әрбір ауылда молда және жылжымалы медресе-мектеп бар.Кімде-кім отыз күн ораза ұстап,бес мезгіл намазын оқымаса,туысқандарының қадір-құрметінен айырылады.Бір сөзбен айтқанда,қыр қазағы фанатизм жөнінен Мавлеви әулетінен шыққан стамбул биші дәруіштерінен кем түспейді.
Қырдағы жаңа діни бағыттың болашақта қайыры болып,оңғарылып кетуін бір құдай біледі.Далалықтарды бұрынғы наным-сенімінде қалдырған теріс болмас та еді.Қазақтар қырдың қызыққұмар ұлы сияқты ислам дініне басымен сүнгіп кетті.Енді құранға қайшы келетіннің ешқайсын да ілтипатқа алмайды.Ән-күйлер,ежелгі жыр-дастандар,әйел затының бостандық жолындағы күресі,олардың көпшілік жиын-тойға қатысып,ойын-сауық қызықтауы бұрынғыдай емес,күнделікті тіршіліктен ысырылып барады.Әйелді босағадан аттап бастырмауды белсене жақтайтын өрекпілер де табылды.Сондықтан киіз үйге қамалған бейшаралар жарық дүние мен өткен-кеткенге көз салу үшін туырлықты тесіп қарайтын болды.Әйелдердің қазіргі жағдайы осындай.Тыйым салынған жемісті қашан татып,дәмін алғанша олардың осылай азап шегіп,қайғы жұта берер сыңайы бар.Қариялар әсіре жаңалыққа реніш айтады.Әйелдер іштей олардың пікірін құптайды.Жастар көбінесе үйленгенге дейін әрі-сәрі болып бұрынғы күнін көксейді.Ал үйленіп алған соң-ақ тәубасына келіп,ежелгі әдетіне басады.Алланың құлы,пайғамбардың үмбеті деген өсиет-уағыз айдалада қалады.Сондықтан қазақтарды бұрынғы қалпында қалдырса болар ма екен?Олардың табиғи таланты-табандылығы,алғыр ақыл-ойы.Өз қарекет-қимылында сенімнің бұлжымас тірегіне айналған бұл қасиеті дінге келгенде күл-талқан болады.Сондықтан да бұқараның алға басуы байқалғанымен де,олардың кейбірі қарама-қайшы бағытта кері жүріп келе жатқан сияқты...

...Таяуда ғана барымталап қазақтардан мал айдап әкелетін ноғайлар мен башқұрттар да осы кепті киіп,татарланып барады.Қырдың атақты күйшілері-башқұрт сыбызғышылары бұрынғыдай жыр жырлап,батырлардың ерлігі туралы тыңдап,таң-тамаша болып,көзден жас парлатпайтын болды.Бұрынғыдай Алтын орданың құлауын ешкім жоқтап жырға қоспайды.Осымен олардың ерлігі тәмамдалды.Қазақтар да өзгеріп барады.Қарақалпақ тайпасы құрып бітуге айналды.Татарлардың көне салт-дәстүрі құлдырап құлап,жер бетінен мүлдем жойылып кетуге жақын."Бәрі де алланың ісі.Барлығымызды да құдай жаратқан,соған қайтып оралуымыз керек" дейді...

...От әулие киелі болып саналады...Ошақтағы отты басуға немесе түкіруге болмайды.Қарғыс ұрады...

...Аруақ - ата баба рухы,басқа қиын-қыстау күн түскенде,жан қиналғанда: "Аруақ қолдай гөр,қолтығымнан жебей гөр!"деп айтады...

...Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағдайларын жақсартуға талпыну адам баласына тән нәрсе...

...Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет...

...Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді...

...Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ...

Автор : Шоқан Уәлихан (1835-1865). Қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы...

Кітаптан ғаламторға көшірген Aibol Saparbek.