Get Mystery Box with random crypto!

​Түскі ас ішіп алсаңыздар, сонау 1954 жылы жазылған мына бір к | Аударма by qisyq

Түскі ас ішіп алсаңыздар, сонау 1954 жылы жазылған мына бір кішкентай фантастикалық әңгімені оқып шығуды ұсынамын. Әлгі сендердің гампұтірлерің мен ғұғылдарың түбі осыған алып келеді, көр де тұр.

ФРЕДРИК БРАУН. ЖАУАП

Дуар Ев қайнаған алтын құйып, соңғы контактіні салтанатты түрмен бекітіп тастады. Бақандай он екі камера мұның әр қимылын бағып, түсіріп, таратып жатыр – трансляцияны бүкіл галактика көріп отырған болатын.

Бойын тіктеді де, Дуар Рейнге қарап, басын изеді. Сосын сәлден кейін бүкіл тізбекті «тірілтетін» қосылғыштың жанына барды. Бұл құрал қыбырлаған адамы бар бүкіл планетадағы, басқаша айтқанда тоқсан алты миллион әлемдегі компьютер атаулының бәрін бір сәтте супержеліге біріктіреді. Ақыры адамзат ғасырлар бойы жинаған, арғы-бергі тарихқа белгілі даналық пен білім-ғылымды бүге-шігесіне дейін игерген суперкомпьютер – біртұтас кибернетикалық машина дүниеге келеді.

Дуар Рейн миллиардаған көрерменге арнап қысқа ғана құттықтау сөзін айтты. Сосын сәл кідірді де:

– Баста, Дуар Ев! – деді.

Дуар Ев қосылғышты басып қалды. Аса жойқын гүжіл естілді. Тоқсан алты миллион планетаның қуаты дүрілдеді. Шет-шегі жоқ ұзын пульт түрлі-түсті шамдарын кезек-кезек ойнатты.

Дуар Ев сәл шегінді де:

– Бірінші сұрақты қою құрметі өзіңізде, Дуар Рейн! – деді.

– Рахмет, - деді Дуар Рейн. – Бұл бірде-бір компьютер жауап бере алмаған сауал болмақ.

Пультке бұрылды.

– Құдай бар ма?

Өктем дауыс көп ойланбады:

– ИӘ. ҚҰДАЙ ЕНДІ БАР!

Күтпеген үрей мен қорқыныш Дуар Евті қысып ала жөнелді. Қосылғышқа тұра ұмтылды.

Қоңырайған бір бұлты жоқ ашық аспаннан кенет найзағай ұрды да, Дуар Евті күйдіріп өтіп, күл қылып, қосылғышқа жабыстыра салды.