Get Mystery Box with random crypto!

Сосын Тоқаев демократиялық жолдың бастауын салып кететін прези | QARA PAIYM

Сосын Тоқаев демократиялық жолдың бастауын салып кететін президент бола ма әлде кезекті автократқа айнала ма, ол тікелей ел азаматтарына байланысты . Егер оның аузынан шыққан әрбір сөзіне шапалақтап, мадақтай берсек, “жаңа Қазақстанды” армандамай-ақ қоялық. Себебі халықтан талап болғанда ғана, атқарушы билік өз міндетін барынша дұрыс атқаруға тырысатын болады.

Сол үшін де әрбіріміз үкімет тарапынан айтылатын әрбір сөздің астарында не жатыр, оның нақты кімге тиімді болуы мүмкіндігін және берілген уәделердің орындалуын қадағалауымыз қажет. Сосын ел дамуын ілгерілету, әрбір азаматтың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету атқарушы биліктің міндеті. Осылай айтқаны үшін Тоқаевты ұлықтаудың керегі жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев әкімшілігі бірнеше сәтсіз, бірақ популистік әрекеттерге барды. Мысалы, Берік Уәлидің өңшең билікті мақтағандарды жинап алып, оларға медаль таратуы, расталмаған 20 террорист мәселесіне қатысты scapegoat іздеуі, студенттерді алдап, біразын міндеттеп, “Наш президент – тигр” шоу концертіне жинауы сынды, айта берсең көп. Тоқаевтың ТикТок ұрпағы өкілдерінің крашына айналуына да қатысты арнайы PR кампаниялар жасалғаны белгілі.

Үкіметтегі мемлекеттік хатшының нақты міндеттері неден тұратынын білмеймін, бірақ Ерлан Карин сол постқа келгелі қазіргі үкіметтің PR-шысына айналып үлгерді. Қаңтар оқиғасынан бері халық арасында белсенді, танымал тұлғаларды шетінен шақырып, мемлекетшілдік идеясын саналарына құйып жатыр. Ол осылай Тоқаев әкімшілігінің қызметін мадақтауға, соның төңірегінде жұмылуға және оған қатысты еш сынның айтылмауына әрекет етіп жүр. Бұл нені білдіреді? Егер Тоқаев әкімшілігі алдағы уақытта берген уәделерін орындай алмаса немесе сол баяғы автократияға қарай кері бағыт алса, яғни коррупция негізделген ескі жүйені жаңа жүйемен, өз адамдарымен ауыстыра салса, жауапкершіліктің үкіметке емес, осы мемлекетшілдік идеясын қолдағандардың барлығына жүктелетінін білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, Құнанбай Қодар мен Қамқаның өліміне өзі жауапты болмау үшін 40 ру өкілдеріне тас атқызғандай, Карин де Жаңа Қазақстан жобасы сәтсіз бола қалғанда, жауапкершілікті бүкіл елге жүктеуді мақсат етіп отыр. Сол үшін де Каринге ере бермей, Сократ сияқты скептик болайық! Тоқаев әкімшілігі барынша халықтың үнін тыңдап, өз міндеттерін дұрыс атқаратын болса, Кариннің мемлекетшілдік PR стратегиясы қажет болмай да қалады. Себебі халық игілігі үшін қыызмет ететін үкіметті халқы қолдамай қайда барады. Сондықтан үкіметтегілер де айтылған сынды сыртқы көзқарас ретінде қабылдауды үйренсе, олардың жұмыс тиімділігі әлдеқайда артатын еді. Соны түсінсе игі еді.

Бір нәрсені ұғынып алайық, сын айтылмайтын қоғам құру мүмкін емес. Ал сын айтушыларды бір идея төңірегінде жұмылдыру арқылы жұмсақ күшпен сынды азайту жалпы дамуды тежейді. Себебі сынсыз біз ел ретінде бір қадам да алға баса алмаймыз.

Ақордадағы Тассай суының Тұран брендіне ауысуына қатысты “қазбалап тапқандарың осы ма? Миллиардтап тонап жатқандар бар” дегендей пікірлерді оқыдым. Тұран суы таныстық арқылы Ақордаға жеткені айқын. Бүгін оған көз жұмып қарасақ, ертең сол азаматтар миллиондап, арғы күні миллиардтап жымқыруы бек мүмкін. Сол үшін де непотизмнің кез келген түрін болдырмауға бүгін күресуіміз керек!».

Журналист Жолдас Өрісбаев