Get Mystery Box with random crypto!

Түркияның Ыстамбұл қаласында кезінде Алтайдан ауған қазақ көші | «Otandastar Qory»

Түркияның Ыстамбұл қаласында кезінде Алтайдан ауған қазақ көшінің қасиетті Анадолы топырағына жеткеніне 70 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шара аталып өтті.
«Қожа Ахмет Ясауи» қоры, Нигде Алтай ауылы, Маниса Салихли, Конья Исмил, Кельн, Вена, Париж, Берлин, Мюнхен, Амстердам, Швеция, Норвегия мен Англиядағы қоғамдық бірлестіктер және «Қазақкент Алтай» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған игі шара көне шаһардағы Kemerburgaz Kirazlıbent Piknik алаңында мемлекеттік Әнұранмен және қазақ көшінің көз жұмған құрбандарын үнсіз еске алумен басталды.
Халықаралық конференцияның екінші бөлігінде Ыстамбұлдағы Кемербургаз Киразлыбент демалыс аймағында 1 жарым мыңдай қазақтың қатысуымен ұлан-асыр ас берілді. Аста бас қосқан бауырларға тарихи Отаны - Қазақстаннан келген «Атамекен» музыкалық тобы ән шашуын тарту етіп, тәмам жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Басқосу барысында «Қазақкент Алтай» қауымдастығының президенті Ерхан Йылдыз, Бағжылар қаласының мэрі Абдулла Өздемир және Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы Бас консулы Әлім Байел межелі мерейтойдың тарихи маңызы зор екенін атап өтіп, түбі бір түрік елі мен қазақ халқының бауырластығына баса мән бере сөз сөйледі.
Еуропа елдеріндегі қандастар мен Түркия қазақтары қауышқан халықаралық жиында Қазақстандағы «Отандастар қорының» Президенті Абзал Сапарбекұлының арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылып, шеттегі ағайындардың абыройы бір асқақтап қалды. Атажұрттың ақжарма тілегінен кейін құрметті қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары табақтап тартылды.

Алқалы жиынға Ыстанбұл провинциясындағы Ülkü Ocakları Президенті Алпарслан Доған, АК Parti партиясының MKYK мүшесі Решиде Йүксел, Зейтінбұрны әкімінің орынбасары Сафет Өз, Нигде қауымдастығы федерациясы төрағасының орынбасары Үмүтхан Гүлерюз және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де қатысып, шынайы құрметке ризалық білдірді.