Get Mystery Box with random crypto!

«Отандастар Қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен көрікті Көкше төрінде 1 | «Otandastar Qory»

«Отандастар Қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен көрікті Көкше төрінде 12-17 жас аралығындағы шетелдік қазақ балаларына арналған жазғы лагердің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Заман талабына сай тамаша лагерьдегі демалыс мерзімі Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Шортанды көлінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектебі базасында ағымдағы жылдың 17-28 шілдесі аралығын қамтиды.
Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының тұжырымдамасына сай талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым құндылықтарына негізделген лагерьге биыл Франция, Түркия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мен Ресей елдерінен ұзынсаны 84 қазақ баласы келді.
Балалардың жазғы демалысын дұрыс үйлестіру мақсатында оларға қазақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, төл өнерін және заманауи білім, ғылым тенденцияларын, оның ішінде STEM, робототехника, кәсіпкерлік, жобаларды басқару дағдыларын үйрететін үйірмелер де ашылған.
Жаңа маусымның ашылу салтанатында «Отандастар қорының» Президенті Абзал Сапарбекұлы жиынға қатысушыларды "Балалар жылымен" құттықтап, атажұртта алаңсыз бой сергітіп, ой жинақтап, тамаша демалыс өткізуіне тілектестік білдірді:
*«Сендер, әлемнің қай қиырында жүрсеңдер де, жаның да, қаның да қазақ екендігін ұмытпай, қайсар ұлтымыздың біртуар ұлы, халқы үшін қалтқысыз еңбек ететін елжанды азамат болуларың керек! Ал, озық ойлы азамат, оза шабар қазанат болу үшін - ең алдымен сапалы білім, саналы тәрбие алуға тиіссіңдер! Жұмыр жер жұмағындай, Тұранның тұмарындай - Атажұртта емін-еркін бой жазып, әдемі әсермен тамаша демалып қайтуларыңа тілеулеспін! Табиғат келбетінде, тамаша жер бетінде жаңа ой, жарқын идеялар туып, алдағы өмірлеріңе өзек болғай!»*
Шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерь негізінде 2019 жылдан бастау алған болатын. Сол жылы 5 түрлі бағытта жазғы демалыстар ұйымдастырылып, 600-ге жуық қазақ баласы атажұртқа ат терлетіп арнайы болатын. Жаһанды індет жайлаған төтенше жағдай салдарынан соңғы 2 жылда тоқырап қалған бұл игі шара биылдан бастап қайта жүзеге асырылып жатыр.
Ендеше, жасампаз еліміздің жарқын болашағы - жас ұрпақтың отаншыл рухын оятуды көздеген ілкімді істеріміз ілгерілей берсін!