Get Mystery Box with random crypto!

28 шілдеде “Отандастар қорының” Президенті Абзал Сапарбекұлы Т | «Otandastar Qory»

28 шілдеде “Отандастар қорының” Президенті Абзал Сапарбекұлы Түркі академиясының президенті, “Егемен Қазақстан” ЖШС-ның Бас директоры Дархан Қыдырәлімен кездесті.
Жылы шырайда өткен әңгіме барысында ынтымақтастық қалыптастыру мақсатында бірлескен бағдарламалар мен шетелдегі белсенді отандастар, елге оралған қандастар туралы, сонымен қатар мәдениет, өнер, ұлттық құндылықтар бағытындағы сайт және газет беттерінде арнайы айдарлар ашуға, қазақ диаспорасына арналған іс-шаралар жұмысына ақпараттық қолдаулар көрсету үшін жобалар мен бағдарламалар жасауға келісті.
Сонымен қатар, «Отандастар Қоры» КеАҚ жанынан құрылған шет елдердегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарымен ақпарат алмасуға, бірлесе жобалар жүргізуге, өзара ынтымақтастақ орнатып, арнайы мамандарын түрлі кәсіби бағыттарда тәжірибеден өткізу және шеберлік сағаттарын ұйымдастыру туралы да сөз қозғады.
«Басты мақсатымыз – бүкіл әлем қазақтарын тарихи және этникалық Отаны төңірегінде біріктіру. Негізгі бағыттарымыз – шетелдегі қазақтарды ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету және мәдени-гуманитарлық қолдау. Осы бағытта «Егемен Қазақстан» республикалық газетімен» ортақтаса отырып «Отандастар» деген атаумен 3 айда бір, яғни тоқсанда бір шығатын журнал шығарсақ дейміз», деді А.Сапарбекұлы.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС Бас директоры Дархан Қыдырәлі «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлына ризашылығын білдіріп, қордың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ қандастар мәселесіне «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бейжай қарамайтынын алға тартып, еліміздің бас газетінде Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Ресей және Ирандағы қандастарымызға қатысты материалдар жүйелі түрде жарияланып отыратынын тілге тиек етті.
Одан бөлек Дархан Қыдырәлі мырза «Отандастар қорына» ақпараттық қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін, «Егемен Қазақстан» газетінде шеттегі қандастарға, елге қоныс аударып келген қандастарға аса көңіл бөлуге барынша тырысатынын жеткізді. Шалғайдағы қазақтарға қатысты арнайы материалдар жазылып, алдағы уақытта қандастар мәселесін көтеретін арнайы айдар ашуға да болатынын айтты.
Талқыланған мәселелерге байланысты тараптар алдағы уақытқа арнайы жоспар құрып екі жақты меморандумға қол қоюға уағдаласты.