Get Mystery Box with random crypto!

​​ ЖАЗ АЙЫНДА ОРАЗА ТҰТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ Сауабы ерекше артық | Ораза дәрістері

​​ ЖАЗ АЙЫНДА ОРАЗА ТҰТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Сауабы ерекше артық берілетін құлшылықтардың қатарына – күннің ыстығына қарамастан, жаз уақытында ораза ұстау жатады. Сол үшін Муаз ибн Жәбәл (радиаллаһу әнһ) өлім ауызында жатқанда:

«Aлдыңғы мұсылмандар секілді күндіздің ыстығының қиыншылығын енді көре алмайтын болдым» деп өкінген еді.

Тағы бір хабарларда, Әбу Бәкірдің жаз уақытында ауыз бекітіп, қыс мезгілінде ораза тұтпағандығы жайында келеді. Сондай-ақ, мүміндердің әміршісі Омар ибн Хаттабқа өлім сәті жақындағанда, баласы Абдуллаға былай деп өсиет өткен еді:
«Иман негіздерін толық меңгеруге тырыс», әрі ең бірінші айтқаны «жаздың қатты ыстық кезінде ораза ұстаушылардан бол!»

Қағб айтады: «Алла Тағала Мұсаға (ғалайһиссәләм) былай деген: «Егер кімде-кім Мен үшін ыстық күндері шөлдің қиыншылығын көретін болса, Қияметте Мен оның шөлін қандыруыма уәде беремін».

әл-Хасан айтады: «Аллаға жақын болған құлы жәннатта балдан болған теңіздің жағасында хор қызбен жатқанында, хор қызы оған шарап толы кесені ұсынып, кейін сұрайды екен: «Сіз білесіз бе, Алланың мені сізге қай күні үйлендіргенін? Алла жаздың ұзақ және ыстық күні сіздің шөлдеп, таңдайыңыз қатып, ерніңіз кезерген халде ораза ұстап жүргеніңізді көріп, періштелерін шақырып айтты: «Менің құлыма қараңдар! Ол өзінің әйелін және барлық ләззат атаулыны, сусына мен тамағын Менде болған нәрселер үшін тастап қойды. Куә болыңдар, Мен оны кешірдім. Сол күні Ол сізді кешіріп, мені сізге үйлендірді» деп жауап береді.»

Амр ибн Абд Қайс Басрадан Шамға барған уақытында Муғауия (радиаллаһу әнһ) оған «не керек екендігін сұраңдар» деп қызметшілерін жібереді. Бірақ, ол өзіне ештеңе қажет еместігін айтады. Бірақ Муғауия бірнеше рет сұратқандықтан оған былай деп жауап береді:

«Маған бар керегі, ауыз бекіткен шағымда қиындық сезіну үшін Басраның ыстығын біздің жаққа жіберсеңіздер, өйткені, мына өлкеде ораза ұстау тым жеңіл».

Бірде әл-Хаджаж Мекке мен Мединаның арасына сапарға шығады. Кешкі асын шығарып бір бәдәуиді (дала арабы) ас ішуге шықырады. Сонда әлгі бәдәуи:

«Мені сенен де абзал болған асқа шақырды, мен оны қабылдадым» деді. «Ол кім?» деп сұрағанда, «ол – Алла» деді. «Ол мені ораза ұстауға шақырды, мен оны қабыл еттім. ». әл-Хаджаж таң қалып: «Мынадай ыстық күнде ме?» деп сұрағанда, «Иә. Себебі, алдымызда бұдан да ыстық күн бар.» деп жауап береді. Сонда әл-Хаджаж: «Олай болса, қазір тамақтанып, ертең ораза ұста» дегенде, әлгі адам: «Егер ертеңге дейін өмір сүруіме кепілдік берсең ғана», дейді. Әл-Хаджаж «Бұл менің қалауымдағы нәрсе емес» деп жауап қатады. Сонда әлгі бәдәуи: «Ендеше болашақта сенің қолыңда болмайтын нәрсені, қалайша қазір сұрайсың?» деп жауап берген екен.

Ардақты сахаба Абдулла ибн Омар (радиаллаһу әнһумә) бірде өзінің сахабаларымен сапарға шыққан уақытында, қой бағып жүрген бір қойшыны кездестіреді. Оны асқа шақырғанда, әлгі қойшы «Мен оразамын» деп бас тартады. Ибн Омар: «Сен мынадай шөптер мен қойлардың арасында жүре тұра ораза ұстадың ба?» депсұрайды. Сонда әлгі қойшы: «Мен өмірімнің қалған күндерін жақсылыққа пайдаланып қалғым келеді» дейді. Бұл жауапқа таңырқаған ол: «Қойларынның біреуін маған сат. Қашан сен оразаңды ашқанда етін пісіріп береміз және оның ақшасын да төлейміз» дейді. «Қойлар менікі емес, олар менің қожайымдікі» деп жауап қайтарады қойшы. Абдулла ибн Омар: «Ал, қожайыныңа қойларды қасқыр жеп кетті деп айтсаң қайтеді» деп сұрады. Сонда қойшы саусағын аспанға көтеріп, «Алла оған не дейді?» сұрады. Ибн Омар сол сөзді қайталай берді, қайталай берді. Кейін қалаға жеткен соң қойшының қожайына барып, қойларын және қойшыны сатып алды да, қойларды әлгі қойшыға сыйға ұсынды.

Алланың разылығы үшін ыстық күндері сабырлық танытып ораза ұстаған құлдарын Алла Тағала жәннатқа «әр-Раййан» атты есіктен кіргізеді. Ол есіктен кіргендер сондай сусыннан ішеді, ол сусынды ішкен адам ешқашан шөлдемейді. Кейін бұл есіктен ораза ұстағандар толық кіргеннен кейін, қақпалары жабылады да, оған кейінгілердің біреуі де кіре алмайды …»

Ибн Рәжәб әл-Ханбалидің «Латаиф әл-мағариф» кітабынан ықшамдап аударылды