Get Mystery Box with random crypto!

ХАДИС: Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.): «Аллаһ елшісі (саллаллаһу | NURLY.ISLAM

ХАДИС:

Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.): «Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Хунәйн шайқасында түскен олжадан кей кісілерге ерекше ілтипат көрсетіп, көбірек етіп үлестіріп берген-ді. Ақра ибн Хабис пен Уйәйна ибн Хиснның алдына жүз түйеден салып берді.
Сондай-ақ, бірқатар араб ақсүйектеріне де басқаларға қарағанда түскен олжадан көбірек бөлді (Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сондағы мақсатын түсінбегендіктен бұған наразы болған) біреу: «Уаллаһи! Бұл олжа бөлісте ешқандай әділдік те, Аллаһтың разылығын ойлау да болған жоқ», – деді. Сонда мен: «Уаллаһи, бұны Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткіземін», – дедім. Көп күтпестен Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болған жайды айттым. Лезде оның жүзі күреңітіп, реңі өзгеріп кетті. Содан біраз уақытқа дейін үндемей тұрды да: «Аллаһ пен елшісі әділ болмаса, кім әділетті болмақ? Аллаһ тағала Мұсаны (а.с.) мейірімге бөлесін! Өйткені, ол бұдан да өткен қорлық көрсе де, сабырлылық танытқан еді», – деді мұңайып. Осы оқиғадан кейін «Ендігәрі оған ешкімнің сөзін жеткізбеспін» деп, өз-өзіме уәде бердім», – деген.

(Бұхари, әдәб 53; Муслим, зәкәт 145).

Түсініктеме: Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) иманға жаңа келіп, дінді толық түсіне қоймаған бірқатар араб ақсүйектеріне бұрынырақта иманға келген өзге мұсылмандарға қарағанда көбірек ілтипат көрсетуінің себебі, оларға Исламды сүйдіру және мұсылмандарға деген өшпенділіктен арылту еді.