Get Mystery Box with random crypto!

Имандылық деп нені айтамыз? Аллаға шүкір, егеменді ел болғалы | Aisultan

Имандылық деп нені айтамыз?
Аллаға шүкір, егеменді ел болғалы асыл дініміз қанатын кең жайып, соңымыздан исламды ұстанған ұрпақ еріп келеді. Алайда, осы жастарымыздың «иман» туралы түсінігі қаншалықты дұрыс, осыған зер салып қарадық па?

Көпшілігі аят пен хадисте келген қысқа айтылған деректерді ұстанып жүр, бұл қуанышты-ақ жағдай. Дегенмен, қандай нәтижеге алып келетініне мән бермейді. Кейде бауырларымыздың намаз оқып жүріп те бұрынғы қисық іс-әркекеттерінен арыла қоймағанын көреміз. Ол үшін діннің көздеген мақсатына сай әрекет етуіміз қажет.

Ата-бабаларымыздан бүгінге дейін жеткен әдет-ғұрып пен діни түсініктегі иманды адам деп кімді атаған? Қандай қасиеттерімен иманды деп бағаланды?

Қазақи түсінігімізде арлы-намысты, уәдеге берік болса, жамандық атаулыдан аулақ жүріп, артынан сөз келтіретін жағымсыз істерден бойын таза ұстаса, осындай жандар иманды деп саналды. Абай атамыз қара сөзінде біреудің жаман қылығын айтып жазғырар болса «Құдайдан қорықпай, адамнан ұялмай» деген сөздерді қолданады. Демек, иманды адам біле тұра жаман істерге бармайды. Исламның да негізгі мақсаты осы.

Діннің мақсаты жайында жазылған еңбектерде «Адам баласын дүние тіршілігінде жақсы мінез-құлыққа жеткізіп, адал өмір сүргізіп, Алланың алдына барғанында пейіш баққа кіргізу» делінген. Мұның негізгі көрсеткіші ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Сөзінде тұрмайтынның діні жоқ, аманатқа адал болмайтынның иманы жоқ[1]»деген хадисі тұрады.

Құран кәрімде: «Намаз арсыздық пен жамандықтан тияды, Алланы еске алу ұлы іс»[2] деп намаздың қадірін көрсеткен. Намаз оқитын адам жаман қасиеттерден арылуы тиіс. Оразаға қатысты аятқа қарайтын болсақ, мақсаты тақуалыққа жеткізу[3] екендігін аңғарамыз.[4] Ауыз бекіткен адамның өзгемен жанжалдаспауы, ұстамдылықпен «мен оразамын» деп қана жауап беруі көрсетілген[5]. Өйткені аш адам ұрысқақ келеді. Қазақта: «Аш адамнан кырық күн ақыл сұрама» дегені осы болса керек. Отыз күн аш жүргенде өзін ұстай білген кісі, қарыны тоқ, көңілі жай жүрген уақыттарда жанжалдан мүлдем аулақ болары анық. Осылайша адам өзін-өзі тәрбиелейді де жақсы қасиеттерді сіңіріп, имандылықтың белгісі бойынан көрініс табады.

Халқымыздың имандылық деп намаз бен оразаның нәтижесі болған жақсы қасиеттерді, әдептілікті санауы өте орынды. Алайда намаз оқымай-ақ, ораза ұстамай-ақ әдепті болсақ болды деген секілді жаңылыс пікірге кетіп қалмау керекпіз. Хәкім Абайдың «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деп айтқанындай, ғибадат жасау пенденің құдай алдындағы міндеті, құлшылықтың орнын ешнәрсе толтыра алмайды.