Get Mystery Box with random crypto!

#рамазан_күнделігі_2022 #рухани_әңгіме Рауан Чингужанов ағаме | Narikbi LIVE

#рамазан_күнделігі_2022
#рухани_әңгіме

Рауан Чингужанов ағамен жиі сұқбаттасып тұрамыз. Бірде шүкірлік тақырыбын қозғадық. Рауан аға сөмкесінен қалың дәптерін шығарды да, айтты "міне, менің шүкірлік күнделігім" деп. Майда жазулармен ана қалың дәптерді толтырып тастаған ғой. Әлі күнге дейін жүргізеді екен. Мен кезінде 6 ай шүкірлік күнделігін жүргізіп, ішіне 1800 шүкірлік жазып, "осы да жетер" деп тоқтатып қойғам. Сөйтсем, оны тоқтатпау керек екен. Себебі ол мұсылманға, Рауан ағаның сөзімен айтсам, "позитивный, энергичный, заряженный" боп жүруге көмектеседі екен. Ал бұл – дұрыс мұсылманның дұрыс күйі. Мұсылманның "не позитивный, не энергичный, не заряженный" боп жүруі дұрыс емес. Қарап отырсам, шүкірлік дәптерін күнделікті жүргізбегендіктен сондай күйге түскен күндерім аз болмапты.

Сосын Рауан аға тағы бір шүкірлік лайфхагі жайлы айтып берді. Мәшінесін СТО-дан шығарып, жолда келе жатқан ғой. 1 ай жөндеуде жатқан көлігін сағынып қалған. Жүрісі әдемі. Өзін ең бақытты жүргізуші сезінді. Соған қатты қуанып, шүкірлігі ішіне сыймай, бірден әйеліне хабарласты "бәйбіше, студенттеріме каспи.кз арқылы садақа аудара салшы" деп. "Қанша аударайын?" деп сұрады жеңгеміз. "Өзің біл дедім. Ол бір соманы айтты.
Мен содан 3 есе көп етіп жібер дедім" деді Рауан аға.

Ол осы шүкірлік күйін бірден садақамен ұстап, шегелеп тастағысы келгендей. Ол кісі "қазір үйге барайын, сосын садақа жасаймын" деген жоқ. Ол дәл қазір осы күйді ұстап алмаса, кейін кеш болатынын өте жақсы түсінді. "Шүкір – барды байлау, жоқты қармау". Жай "шүкір" деп айта салуға да болар еді. Бірақ ішіңе сыймай бара жатқан қуанышты садақамен білдіру мүлдем басқа сезім сыйлайды. "Шүкір етсеңдер, [міндетті түрде] арттырамын" (Құран, 14:7) деген аят еске түседі осындайда. Шүкірлік шыңы – іс-әрекетпен, мысалы, садақа берумен жасалған шүкірлік деп білемін.

Қазір мен де көлігім сүрінбей келе жатқанда, парковкаға орын табыла қалғанда, үстімдегі киімім әдемі тұрғанда, шашымды әдемі етіп алғанда, интернет жылдам болғанда, т.б. кішкентай нәрселерге қатты қуанатын болыппын. Осы бір күйді ұзағырақ ұстап тұрғым келеді. Ол үшін садақа беруім керек деген ой келеді алдымен.

Бір істі бастап, жарты жолда тастап кететін жандарға шүкірлік ету тұрақты болуға көмектеседі. Мысалы, бір жігіт күнде таңертең жүгірем деп мақсат қойды дейік. Бір күн жүгіреді. Екі күн жүгіреді. Сторизге жүгіргенін салып қояды. "Тәні саудың – жаны сау" деп жазады өзінше. Бір апта, ары кетсе екі апта тұрақты жүгіреді де, болды, сонымен тоқтайды. Неге? Себебі ол өз-өзіне разы болып қойды. Өз-өзіне шүкір етті. Ал бұл оның қуанышын ұстап, шегелей алмады. Аллаға осы бір тұрақтылық қуанышы үшін шүкір етуі керек еді. Сонда Алла оның тұрақтылығын арттыратын еді.

Осы жазбамды жазып бітіргеніме қатты қуанып, шүкірлік қуанышы кеудеме сыймай тұр. Кеттім, садақа беріп қайтайын.

https://t.me/dzhigitbek