Get Mystery Box with random crypto!

Көптеген үлкен адамдар балаға емірене берме, сүтің жинала бере | Айдана Тлепбергенова| Mummy.kz 💕

Көптеген үлкен адамдар балаға емірене берме, сүтің жинала береді, одан да бізге тастап кетіп қал дегенді айтады. Иә сүт шығу үшін ана балаға еміренуі керек. Бірақ ол лактацияны қалыпқа келтіргенше ғой. Кейін 1,5 жастан кейін еміренгенде сүтің иіп кететіндей болмайды.

Жалпы ол үлкен адамдар естігенін айтады ғой. Кеңес үкіметі кезінде ананың балаға жақын болуы үкімет үшін тиімсіз болды. Жаңа босанған әйел баласын яслиға тастап жұмысқа шығуға мәжбүр болды. Сол үшін дәрігерлер баланы қолға алма, көп еміренбе, уақытпен еміз, сразу бөлек жатқыз деген сияқты ана мен бала арасындағы бауыр басуды азайтатын әдістер айтты. Ол кезде Бенджамин Спок сияқты дәрігерлердің кітабына сүйенді. Бірақ қазір мұның бәрі бауыр басу теориясы тұрғысынан қате екені ғылыми түрде дәлелденді.

Мен баламды ешқайда тастамай-ақ қасында болып суалттым. Қасыма алып жаттым. Түнде емшек сұрап оянғанда көтердім, шайқадым, су бердім. Оқығанда оңай естілетін шығар. Бірақ түнде Жамбыл да мен де ұйқысыз түндер өткіздік. Менен үлкен төзім мен сабырлылық қажет болды.

3 күнде Жамбыл түнде емшекті іздемейтін болды. Түнгі оянулар әлі де 2-3 апта жалғасты. Қазір түнде ұйықтап таңда 6-да бір оянады, сол кезде көтенінен қағып жіберем, содан 9-ға дейін ұйықтайды.

Ұйқы алдында балаға массаж жасау, сипау жақсы тыныштандырады.

Емшектен шығаруда айтатын тағы бір мәселе балаға түнде тамақ беру. Бұл да дұрыс емес. Кешкі асын толыққанды берсеңіз баланың қарыны ашпайды. Уайымдасаңыз жатар алдында айран сияқты жеңіл тағам беруге болады. Ал түнде тамақ беру баланың асқазанын, тісін, ұйқысын бұзады. Тамақтың орнына су берген жөн.

Емшектен шыққан бала тамақты толыққанды, әдеттегіден көбірек жей бастайды. Осы күнге дейін тісін шаймасаңыз енді қолға алатын дәл уақыт келді. Түнде міндетті түрде тісін шайып жатқызыңыз.

Егер осылай емізу интервалын азайтып емшектен шығарсаңыз сүтіңіз де тез қайтады. Аналар, суалтқанда омырауға мұқият болу керек. Алғашқы күндері кеште және таңертең омырауыңызды сауып тұрыңыз. Кейін тек таңертең сауасыз. Сөйтіп сүт азаяды. Бірден саууға болмайды. Олай сүт бездеріне зиян тиюі мүмкін. Контрастный душ жасау емшекті жібітуге өте жақсы көмектеседі.

Ешқашан омырауыңызды тартып байламаңыз. Сүт бездеріне өте зиян. Иә үлкендер осы әдісті айтады. Әлі күнге дейін әйелдер тартып байлап тастайды. Бұл әдістің зияндығы туралы интернетте ақпарат өте көп. Байламай, жиналған сүтті сауып тұрсаңыз сүт өздігінен кетеді.

Суалтуға қатысты менің тәжірибем осындай.