Get Mystery Box with random crypto!

Құрбылармен кездесіп отырғанбыз. Әңгімеден әңгіме шығып, тақыр | Marfuga Shapian

Құрбылармен кездесіп отырғанбыз. Әңгімеден әңгіме шығып, тақырып бай болуға, жалпы Исламдағы байлыққа қатысты тақырыпқа ойысты. Біріміз көзсіз ақшаға ұмытла берудің дұрыс еместігін, енді біріміз «кедейлердің жұмаққа бірінші кіретінін» айтып жаттық. Сонда қыздардың бірі мына бір әдемі оқиғаны баяндап берді. Соны сіздерге жеткізбекпін

Баяғыда бір кісі сауда жасамақ болып үлкен керуенмен жолға шығыпты. Бір жерде аялдап, демалып отырғанда көзі екі көгершінге түседі. Байқап қараса, көгершіннің бірінің көзі соқыр екен. Ал жанындағы көгершін тұмсығымен тістеп әкелген асын соқыр көгершінге беріп, тамақтандырып жатады. Мұны көріп қайран қалған саудагер «О, мейірімі шексіз Алла тағалам! Қандай жағдайда болсақ та Сен бізді аш, ризықсыз қалдырмайды екенсің ғой!» дегенді қайталай береді. Ақырында керуенін кері бұрып, ауылына қайтады.

Ауылға керуен-керуен жүкпен қайта кіріп келе жатқанын көрген адамдар саудагерден себебін сұрайды. Екі көгершіннің оқиғасын баяндаған саудагер «Жұмыс істеп қиналмай-ақ қойсақ та болады екен. Алла тағала бізді ризықсыз қалдырмайды», - дейді. Сонда оның жауабын естіп тұрған бір адам басын шайқап: «Еее, сен соқыр көгершіннің емес, оған тамақ тасыған жанындағы көгершіннің орнында болуды ойламадың ба?» - деген көрінеді.

Ғажап мысал, иә? Алушы қолдан беруші қол жақсырақ, әлсіз мұсылманнан күшті мұсылман Алланың алдында сүйкімдірек. Сондықтан Алла тағаладан байлыққа жеткіз деп сұрағанның, сосын ризық-несібеге жету үшін қолдан келгенше еңбектенгеннің айыбы жоқ.

Алайда ондағы ниет ақшаңды адамдармен бөлісу, әлсізге көмектесу, қоғамға пайдалы іс жасау болу керек. Тек қарақан басың мен құлқыныңды тойдыру үшін байлыққа ұмтылу – дінімізде құпталмайтын іс.

Қазақта Құнанбай, Маман, Досжан, Қаражан секілді бір ауылды, әулетті ғана емес, мұқым елді асыраған небір байлар өткен. Меккеде қазақ түссін деп қонақүй салдырған, мешіт-медресе тұрғызған, бала оқытқан, «Қазақ» газетін шығартқан, ұлтының оқығандарына қызмет еткен, міне, солар.

Сондықтан бүгінгі жұмадағы тілек, бәріміз бай болайық, Қарынбайлардан емес, жомарт байлардан болайық! Алла тағала дүниені жүрегімізге кіргізбесін, тек қолымызға берсін!