Get Mystery Box with random crypto!

​​ӨЗІҢДІ САЙЛА ( риясыз риуаят ) Есте жоқ ескі замандардың б | 📚 MAKTUBAT - ДІНИ КІТАПХАНА

​​ӨЗІҢДІ САЙЛА

( риясыз риуаят )

Есте жоқ ескі замандардың бірінде бір тайпаның рубасылары өз көсемдерін сайлап алу мақсатында ақылгөй абыз ақсақалмен ақылдасуға барыпты.

- Ақсақал, біздің көсеміміз қартайды. Жақсылы - жаманды елді біраз жыл басқарды. Соның орнына сайлану үшін əр рудың атынан дауысқа түсетін адамдарымызды сізге сынату үшін алып келдік.

- Жарайды, оларды бір - бірлеп менің алдыма кіргізіңдер, - депті ақылгөй ақсақал.

Оларды кезек - кезек тыңдап, "сайлауалды бағдарламаларымен" танысып болған соң, сыртқа шығарып жіберіп, рубасыларды ішке шақырып алып:

- Бұл əкелген адамдарыңның көсем болуға ешқайсысы да жарамайды, жалпы сендер көсем сайламас бұрын, өздеріңді сайлап алғандарың жөн, - депті.

- Қалай, сонда?! - дейді таңданған рубасылар.

- Оның мəнісі мынада. Біріншіден, бүкіл ел болып, тайлы - тұяғың қалмай осы сайлаудың соңында жүргендерің маған күмəн туғызды. Демек, бұл жерде көсем сайлауынан өз пайдасын көздеп жүргендер жеткілікті екен.

Екіншіден ел басқару - өз басын қауіп - қатерге тіккен ең абыройсыз іс. Оған тəуекел еткендердің тағдыры қиын болары тарихтан да белгілі.

- Біздің адамдарыңыздан қандай кемшілік байқадыңыз?

- Олардың үшеуі де сөзін қазіргі көсемдеріңді жамандаудан бастады. Көреген көсем кекшілдік танытып, өткенді қазбаламай өз ісін келген жерден жалғастыра білуі керек. "Өткенге тас лақтырсаң, келешек сені зеңбірекпен атқылайды"деп бекер айтпаған.

- Үміткерлердің тағы қай жеріне көңіліңіз толмады?

- Билікқұмар адам уəде бергіш келеді. Бұл əдет оларда да байқалады. Біреуі бірер жылдың ішінде осы уақытқа дейінгі кемшіліктің бəрін түзетіп қоюға уəде береді. Бұл - өтірікші, зымиян адамның белгісі. Екіншісі 20 - 30 жылға арналған жоспарлары негізінде халықты сеніміне кіргісі келеді. Бұл - осы орынға ұзақ отыруды көздеген жеке билеушінің əрекеті. Енді бірі байлардың дүние мүлкін кедейлерге тартып əперіп, халықтың арасында теңдік орнатам дейді. Бұл - əпербақан, өресі төмен адамның белгісі.

- Енді не ақыл бересіз біздерге?

- Көсем болуға лайықты адамның белгісі - жан - жақты жетілген, білімді де білікті қасиетінен бөлек, жеке топтардың мүддесін емес, ұлттың, елдің мүддесін көздейтін, халықтың барлық тармағына сыйлы, билікқұмарлық қасиеті жоқ, жағымпаздық пен жəдігөйлікке , елден ерекшеленуге жаны қас қанағатшыл, қарапайым болар. Міне, осындай адамды таба алсаңдар "мен көсем болмаймын, менің қолымнан келмейді" дегеніне қарамастан сайлап жіберсеңдер өкіне қоймассыңдар, - депті ақылгөй қария...

@apendim