Get Mystery Box with random crypto!

ДЕПРЕССИЯНЫҢ АЛДЫН КЕСІП, ӘР КҮНІҢІЗДІ ҚАЙЫРЛЫ ЕТЕТІН 3 ЕРЕЖЕ! | ҚҰРАН НАСИХАТ

ДЕПРЕССИЯНЫҢ АЛДЫН КЕСІП, ӘР КҮНІҢІЗДІ ҚАЙЫРЛЫ ЕТЕТІН 3 ЕРЕЖЕ!

Бір дана адам өз жұмыс бөлмесіне үш тақтайша іліп қойыпты.
Оның біріншісінде:
«БҮГІНГІ КҮНМЕН ӨМІР СҮР» деп жазылған екен.
Яғни, сенің өмірің – тек осы бүгінгі күн. Өткеннің уайым-қайғысы мен келер күннің қорқынышты елестері арасында сүрінбей, бар күш-жігеріңді, ынта-талабыңды бір-ақ күнге жұмса. Осы күнде шын жүрекпен Алла Тағаланы еске алып, ықыласпен намаз оқы, Құран жатта. Сыртқы көрінісіңе мән беріп, атқарар істеріңді дұрыс әрі тыңғылықты орындап, өзгелерге пайдаңды тигіз. Барға риза, жоққа қанағат қыл. Егер бүгін ыстық, жұмсақ, дәмді нан жесең, кешегі жеген қатқан нанды немесе ертең жейтін белгісіз нанды ойлауыңның не қажеті бар?! Егер бүгін таза, мөлдір су ішіп отырсаң, кеше ішкен тұзды су үшін неге уайымдайсың?! Бүгін туылып, бүгін өлетіндей өмір сүр, соған амал жаса.

Екіншісінде: «ОЙЛАН ЖӘНЕ РАХЫМШЫЛ БОЛ» деп тұр.
Сен өз аяқтарыңмен жүріп-тұрсаң, қаншама адам арбаға таңылып отыр емес пе?! Ұйқың қанып тұрасың, ал көбінің мазасын ауру қашырған.
Сен тойып ішіп-жеп жатырсың, көбі ауру-сырқау болғандықтан судың да дәмін көре алмай жүр. Құлағың жайлы ой жүгірт, керең емессің. Көзің жайлы ойлап көр, соқыр емессің. Теріңе қара, алапес емессің. Ақыл-ой төңірегінде ойлан, ессіз жынды емес, саналы жансың. Сол ақылмен қаншама байлық-нығметтерге бөленіп жатырсың. Бір көзіңнің есесіне таудай алтын берем десе, көзіңді беруге келісер ме едің? Құлағыңды екі таудай күміске сатар ма едің? Тіліңді беріп, патшалар сарайында тілсіз отыруға келісер ме едің? Қолдарыңның есесіне алтын-күміс, маржан-жақұт берсе, қолсыз қалуға келісер ме едің? Жоқ.
Демек, Алла Тағаланың саған берген нығметтерін еске ал, зерделе, шүкір ет. Ол сені жан-жағыңнан қоршап тұр!
«...Егер Алланың нығметтерін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар...» ("Ибраһим" сүресі, 34-аят)
«Ендеше, Раббыңның қай нығметін өтірік дейсің?» ("Рахман" сүресі, 15-аят)

Үшінші тақтайшада: «ҚАЙҒЫРМА!» деген бір-ақ сөз жазылған екен.
Қайғыру – үміт отын сөндіріп, көңілдегі қайратты әлсіретеді және өмір бұлағын лайлап, жүректі у ішкендей үнсіз қалыпқа түсіреді. Сонымен қатар пенде қайғыға ұшырап, ізгі амалдарын тоқтатса, шайтан шаттанады екен.
Алла Тағаланың мына сөздері қайғырудан қайтарған:
«Босамаңдар және қайғырмаңдар...» ("Әли Имран", 139) «...Қайғырма, Алла бізбен бірге» ("Тәуба", 40)
«...Оларға қорқу да жоқ әрі олар қайғырмайды» ("Маида", 69)

Аштықтан кейін тоқтық, шөлден кейін су ішу, ұйқысыздықтан кейін тыныш ұйықтау, дерттен кейін айығу бар! Кеткен адам жуырда келеді, адасқан адам жолын табады, қараңғылық сейіліп, таң атады!
Міне, осы бақыт жолына бастар үш жол, үш ереже. Неге сен де өз кітапшаңа немесе күнделігіңе жазып алып, ескеріп жүрмеске?!

@kuran_nasikhat