Get Mystery Box with random crypto!

Құлағыңызға сыбырлайыншы... Біздің ауылдың үлкен кісілері нағ | Кітап үзіндісі

Құлағыңызға сыбырлайыншы...

Біздің ауылдың үлкен кісілері нағашы деп атайтын (руы Төртуыл Найман, Бағышай анамыздың руынан болған соң, үлкендер нағашы дейді екен), жасы елулер шамасында, жолдасы ертерек марқұм боп кеткен Нұржамал деген кісі болды. Бір ұл, бір қызы бар-тұғын. Ұлы ертерек үйленген, балалы-шағалы. Қызы сәл кештеу, біз үшінші, төртінші сыныпқа барып жүргенде тұрмысқа шықты. Аты – Аққыз. Сол Аққыз ұзатылып, алты-жеті ай боп қалған кезде ғой деймін, үй ішіндегілеріне хат жазып, үкілі сәлемін жолдапты. Ол кезде хат жазу, хат алу деген бір керемет дүние. Мектептен келе жатып осы қуаныштың куәгері болғаным бар. Нағашымыз латынша қаріп таныған, кейінгі Ахмет Байтұр­сынов­тың төте жазуын (қытай қазақтары басында латынша, жетпісінші жылдардың соңында төтеше жазуға көшкен) тани бермейтін. Мені жолшыбай көріп қалып: «Қызымнан хат кепті. Үйде ешкім жоқ еді, оқып берші, шырағым», – деген соң, апаның үйіне бұрылып кеттім. Конверттің аузын жыртып, оқып жатырмын. Аман-сәлемнен басталған Аққыздың хаты ауыл аймақ, бота тайлақтың хал жағдайын сұрап, өзінің елді қатты сағынғандығын айтып, бір күңіреніп алады екен. Барған жеріне тастай батып, судай сіңгендігін де жеткізіпті. Хаттың соңы «Жеңеше, құлағыңызға сыбырлайыншы», – деп тәмамдалғанда, апам жылап қоя берді. Көзінің жасын сүртіп, қолын жайып, іштей бір­деңелерді күбірлеп, бетін сипады. «Рахмет, құлыным, рахмет», – деп бетімнен сүйді. Ештеңе түсінбей мен отырмын. Әйтеуір, өз шаруамды атқардым. Қалтама толтырып кәмпит салып берген соң, үйге зыттым. Үйге кеп шешеме тындырған ісімді мақтанышпен баяндап жатырмын. Тек хаттың соңында Аққыздың жеңгесіне сәлем жолдап, «құлағыңызға сыбырлайыншы» дегенге апаның жылағанын, қолын жайып тілек тілегенін түсінбегенімді айттым. Шешем де елең ете қалды. «Тәңір жар болсын! Жеңілдігін берсін. Оны біліп не қыласың, түге», – деді де қой­ды. Кейін білдім. Сөйтсек, Аққыздың ішіне шикі ет бітіп, оны жеңгесіне ибалы ишарамен жеткізген түрі екен ғой. Қайдан білейік...

Ырысбек Дәбей "Жылқы атылған жаз"