Get Mystery Box with random crypto!

Баспасөз беттерiнде жарияланып жүрген неше түрлi хабарлардан ә | Кітап үзіндісі

Баспасөз беттерiнде жарияланып жүрген неше түрлi хабарлардан әлдебiр жан түршiгерлiк рухани күйреудiң нышандары сезiледi. Ал солардың бәрiне адамдардың еттерi үйренiп, тiтiркенбеуi, шiмiрiкпеуi, ештеңе болмағандай, жайбарақат жүруi одан бетер зәремдi алады. Маған олар адам өлiгiн селт етпей қолымен түртiп, қызықтап жүрген жарымес жасөспiрiмдер секiлдi елестейдi.

Газет оқудан қалдым. Бетiн ашсаң болды, не бiр сұмдық оқиғалар тасқыны сенi жаңқа ғұрлы көрмей ала жөнеледi:

Өзiнiң анасын зорлаған немесе өлтiрген...
Өзiнiң балиғаға толмаған қызын зорлаған не өлтiрген...
Сәбиiн өлтiрiп, қоқысқа тастаған келiншек...
Өз ұлына тұрмысқа шыққан миллионер әйел...
Адам етiн жеген маньяктар...
Еркекке үйленген еркектер...
Өлiкпен жыныстық қарым-қатынас жасағандар... тағы сол сияқты сорақылықтар туралы шартараптан жеткен хабарлар.

Мен бұзылған бiрдеңе жеп қойған адамдай лоқсудамын. Жиiркенiштен қан-тамырларым тас боп қатып, шек-қарыным сiресе, ышқына лоқсимын. Былғаныштан құтылар амал жоқ. Дәретхананың түбiне құлаған адамдаймын. Бәрi былғанған...

Төлен Әбдікұлы "Парасат майданы"