Get Mystery Box with random crypto!

Алматыдағы 'Ақ жауын' ансамблінің әншісі Тамара Жанқұлова туға | Кітап үзіндісі

Алматыдағы "Ақ жауын" ансамблінің әншісі Тамара Жанқұлова туған елі Ақтау қаласына қыдырып барғанда көлік апатына ұшырайды. Қаншама уақыт ессіз жатқанын білмейді. Ауыр операциядан кейін бір аяғынан айырылып барып зорға қатарға қосылады. Кейін арбамен жүретін хәлге келгенде дәрігерлер "Халың қалай, әнші қыз?" — деседі. Үйткені, Тамара алғаш комадан шығып есі кіргенде әндетіп ояныпты.

Сонда айтқан әнінің сөзі "Қайран қайғысыз, қамсыз күндерім, Сайран сауықты рахат түндерім" деп келетінін дәрігерлер естеріне түсіреді. Тамара болса, мұндай сөзі бар әнді бұрын айтқанын есіне түсіре алмайды.

Бір жылдан кейін аяғына тұрып, Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешеніне жұмысқа орналасады. Бірде кітапханаға барып, әртүрлі өлең кітаптарын қарап отырып, Шәкәрімнің өзі білмейтін, бірақ есеңгіреп жатып айтқан әнінің сөзін кезіктіреді. Режиссерге келіп, сол өлеңді тапқанын, енді оған ән шығарғысы келетінін айтса, ол бұл өлеңнің әуенді сазы бұрыннан бар айтып, оны табуға көмектеседі.

Әнді үйреніп алып айтып жүргенде өзі бұрын білмейтін әнді ессіз жатып қалай айтқанына таң-тамаша болады. Әннің сөзіне мән беріп оны нақышына келтіре айтқан сайын бойы сергіп, ой өpici өсіп, жігер-қайраты артқанын сезе түседі. Ойлана, толғана келіп, қауіпті апаттан аман қалуыма осы ән себепкер болар деп жориды. Егер үлкен сахнаға шығатын сәт болса осы әнмен шығуды мақсат етеді. "Ол мені өмірге әкелді. Мен оны өнер биігіне шығаруға тиіспін" деп іштей бекиді.

Тамара 2003 жылы Мәскеуге Өнер институтына оқуға барады. Таңдау, іріктеу өте қатал. Кезегі келгенде кірген Тамараға қомсына қарап "тыңдай салайық" деген сыңаймен сарапшылар төрағасы: "Өз ұлтыңның әнін айтып көр" дейді салғырт қана. Қатты толқып тұрып "Бұл ән — бұрынғы әннен өзгеректі" қалай бастай жөнелгенімді өзім де білмеймін дейді әнші қыз. Шығарманың мағынасын ұқпаса да оның сазды сарынан философиялық толғаныс көкірегіне ұялаған сарапшылардың жүзі жылып, ықылас-ілтипаты кілт өзгереді. Бірауыздан оқуға қабылданады.

Сонымен өзін екі сыннан мүдірмей шығарып өмірге, өнерге қанаттандырған әнді де, оны шығарған Шәкәрім қажыны да Тамара пір тұтатын болады.

Өзінің ең алғашқы бейнеклипін осы әнге жасайды. "Арманның ақ желкені" атты деректі фильмге де осы әнмен шығады. Ақтаудың ару қызы бұл күнде ән құдіретімен ұлы Шәкәрімге етене бауыр басып, оның киелі қасиетінің шапағатымен өнер биігіне самғауда.

Молдабек Жанболатұлы "Тобықты — Шыңғыстау шежіресі"

@kitapuzindisi