БЕСІК ЖЫРЫ Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Жылам | Кітап үзіндісі
БЕСІК ЖЫРЫ
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Әлди, әлди, бөпешім,
Қозы жүнді кепешім.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім.
Әлди, әлди, шырағым,
Көлге біткен құрағым.
Жапанға біткен терегім,
Жаман күнде керегім.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Қонақ келсе, қой, бөпем,
Қой тоқтысын сой, бөпем,
Құйрығына той бөпем!
Әлди, әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым.
Жалпыға жаман болса да,
Өзіме жақсы аппағым.
Әлди, әлди, апатай,
Көп жылама, қалқатай.
Әлдилесем, жыламас,
Ақылы көп қалқатай.
Айналайын, балам-ай,
Айналсын сенен анаң-ай.
Әлдилеп сені сүйгенде,
Атаңның болар көңілі жай.
Әлди, әлди, бөпешім,
Жұмсақ қана көрпешім.
Айналайын айымыз!
Алты қарын майымыз,
Жеті қарын жентіміз,
Шаһар Бұхар кентіміз.
Көзімнің ағы, қарасы,
Жүрегімнің парасы.
Дүние-қамды ойлатпас
Көңілімнің данасы.
Әлди, балам, әлди-ай!
Әлди, әлди, оймағым,
Оймағыммен ойнадым.
Күнде әлдилеп сүйсем де,
Қызығыңа тоймадым.
"Бабалар сөзі" 72-ші том