Get Mystery Box with random crypto!

Егер өміріңе сынақ келсе, «Менің басыма неліктен қайғының қар | Kemel adam

Егер өміріңе сынақ келсе, «Менің басыма неліктен қайғының қара бұлты үйірілді?» деп түңілме! Мұндай жағдайға тап болған жалғыз сен емессің! Алланың ең сүйікті құлы, пайғамбарлар падишасы Мұхаммедтің (с.а.у.) тұл жетім өскенін, өз қолымен алты бірдей бауыр еті баласын қара жердің қойнына тапсырғанын біл! «Әбдумүтәліптің жетімінен басқа пайғамбарлыққа адам табылмай қалып па?!» дейтін қорлық сөздерді естігенін ұмытпа! Бірақ барлық қиыншылық кетті. Сынақ бітті. Соңында әлемге нұрын шашып Ислам діні, Алла елшісінің ізгілікке толы ғибратты ғұмыры қалды. Олай болса, сенің де басыңа түскен жайсыздық өтеді. Өмір бір қалыпта тұрмайды. Ғұмыр бірсыдырғы болмайды. Түзуі болғаны секілді, қисығы да ұшырасады. «Сөзсіз қиыншылықпен бірге жеңілдік бар. Күмәнсіз ауырлықтан соң жеңілдік бар». Құранда қатар келген бұл екі аят та қиыншылықтан соң жеңілдік болатындығын білдірген. Ендеше, қақаған қыстан кейін жаймашуақ көктемнің келетіндігі, тас қараңғы түннен кейін бозарып таң ататындығы, алай-дүлей дауылдан соң тыныштықтың орнайтыны қандай заңдылық болса, қиыншылықтан кейін де жеңілдіктің жететіндігі – сондай ақиқат. Бастысы, сабыр мен дұғаны қару етіп, үмітсіздікке түспей, қолдан келер әрекеттерді орындауымыз керек. Нәтиже – Алладан. Өмірде кездесетін кез келген қиыншылықтың, бізге ұнамаған оқиғалардың астарында ғұмырлық ғибрат бар. Рухымыздың кемелденуі, мінезіміздің ширауы бар.
Оқиғалардың астарына үңіліп, сабақ ал да, өміріңді ары қарай жалғастыр. Басыңды тік көтеріп, тек алға жылжы! Өмірдің өзгертуге болатын тұсын өзгерт! Ал өзгерте алмайтын оқиға үшін еш қайғырма!
Бір Аллаға тиесілі істерді бақылауыңа алып, уысыңда ұстауға тырыспа! Алланың шекарасына өтпегін! Тағдырға риза болу дегеніміз міне осы. Ризашылық мақамы дегенміз – тек ізгілер ғана жететін рухани дәреже. Бұл жайлы Құранда «Ей, көңілі иманмен тыныштыққа бөленіп, жүрегі жай тапқан адам, Алладан сен разы, ол сенен разы болған күйде Раббыңа қайт» делінген.