Get Mystery Box with random crypto!

Бір қарт адам мен жас жігіт кездесіп қалады. - Ұстаз, мені та | Kemel adam

Бір қарт адам мен жас жігіт кездесіп қалады.
- Ұстаз, мені таныдыңыз ба?- деген жігітке:
- Жоқ , - деді қарт адам.
- Мен сіздің шәкіртіңізбін ғой.
Сонда ұстазы:
- Мұнда не істеп жүрсің?
Тұрмыс-жағдайың жақсы ма?- деп сұрайды.
Жігіт:
- Жақсы, мен де мұғалім болдым ғой, - дейді.
Ұстазының:
- А, солай ма, жақсы болған екен. Мен сияқты ұстаз болдың ба? деген сұрағына, жігіт:
- Иә, расында, сіз сияқты болуыма сіздің маған берген сенім, күш-жігеріңіз себепші болды, - дейді.

Қарт адам оның сөзіне зер салып:
- Сонымен, ұстаз болуыңа не себеп болды?, - дейді.
Жігіт болған оқиғаны баяндап береді...

Бір күні сыныптас достарымның бірі шынымен әдемі қол сағат тағып келді.
Қатты қызыққаным сонша, оның қалтасынан сағатты ұрлап алдым.

Сыныптас досым сағатының жоғалғанын біле салысымен, мұғалімге барып шағымданды.
Сол мұғалім - сіз, едіңіз.
Сол кезде сіз:
- Мына баланың қол сағаты осы сабақ үстінде жоғалған екен. Кім алса да иесіне қайтарып берулеріңді сұраймын, - дедіңіз.

Сол кезде мен сағатты қайтарып бергім келген жоқ. Себебі, ұялдым, қорықтым. Сосын сіз есікті жауып қойдыңыз. Біз түгел орнымыздан тұрып, қалтамызды тінтетін болып келістік.
Сонда сіз:
"Барлықтарың көздеріңді жұмыңдар! Сосын, мен тексеріп шығайын",- дедіңіз. Қалталарды ретімен тексеріп келіп, менің қалтама қол салғанда, сағатты тауып алдыңыз.
Сіз ары қарай жалғастырып, барлық баланың қалтасын тексеріп болған соң:
- Көздеріңді ашыңдар! Не де болса сағатымыз табылды.- дедіңіз.
Бірақ, мен туралы ештеңе айтпадыңыз, тіпті, аузыңызға да алмадыңыз. Кімнің ұрлағаны туралы жақ ашпадыңыз.

Сол күні сіз менің абыройымды бүкіл өмір бойына қорғадыңыз.
Ұрлық жасағаным - менің өмірімдегі ең масқара оқиға еді.
Алайда, сол күн маған - "Жаман адам" дегізетіндей өмір сүруге болмайтынын ұқтырған күн болды.

Сіз ештеңе демедіңіз, жазғырмадыңыз да, маған "ұры" деп қарамадыңыз да.
Ұстаз адамның парасаттылығын ұғындыру үшін солай жасадыңыз...
Мен сіздің әрекетіңізді өте жақсы түсіндім.
Сіздің арқаңызда мен басқаға дұрыс тәрбие қалыптастыру керегін түсіндім.

- Осы оқиға сіздің есіңізде ме, ұстаз?

Ұстазы:
- Сағат ұрланғаны туралы оқиға есімде. Барлық баланы тексердім.
Бірақ, алған сен екеніңді білмедім.
Өйткені, ол кезде мен де көзімді жұмып тексерген едім ғой,- деді...

Егер, шәкіртіңіздің қателігін бетіне басып, масқаралайтын болсаңыз, сіз әлі ұстаз болған жоқсыз, деген сөз...

Қазақшаға аударған: Шынар Кендін.