Get Mystery Box with random crypto!

-ХАДИС: Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.): «Қоштасу қажылығы болған | ХАДИСТЕР ЖИНАҒЫ

-ХАДИС:

Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.): «Қоштасу қажылығы болған жылы қатты сырқаттанып жатқанымда, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған көңіл сұрай келген еді. Сонда мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Көргеніңіздей, мына дерттен енді айыға алмайтын шығармын. Мен дәулетті адаммын, жалғыз қызымнан басқа мұрагерім жоқ. Мал-мүлкімнің үштен екісін (кедей-кепшікке) садақа етіп таратайын ба?» – дегенімде, ол: «Жоқ», – деді. Мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Тең жартысын ше?» – дегенімде, ол тағы да: «Жоқ», – деді. Сонда мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Ал үштен бірін ше?» – дегенімде, ол: «Үштен бірін тарат. Тіпті, ол да көп болады. Өзіңнен кейінгі мұрагерлеріңді бай етіп қалдырғаның оларды жұрттан қайыр тілеуге мәжбүр етіп қалдырғаныңнан әлдеқайда қайырлы. Шын мәнінде, сен Аллаһтың разылығы үшін жұмсаған әрбір (тиының) үшін, тіпті, ас үстінде әйеліңді еркелетіп отырып аузына салған әрбір түйір ас үшін де сауап аласың», – деді. Сонда мен қобалжып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Жолдастарым Аллаһтың нұры жауған Мәдинаға қайтып бара жатқанда, мен осында қалып, дүниеден озсам, жасаған хижретім толық болмай қала ма деп қорқамын», – дедім. Сонда Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жоқ, сен бұл жерде қалмайсың. Әлі-ақ Аллаһ жолында көптеген іс тындырып мерейің өседі. Әлі-ақ, сен ұзақ жыл ғұмыр кешіп, бір қауымның (мұсылмандардың) пайдасына жарап, енді біреулер де (кәпірлер) сенен зиян шегер. Уа, Жаратқан Ием! Сахабаларымның хижретін тамамдағайсың. Оларды кері кетіре гөрме, бірақ нағыз бейшара Сағд ибн Хаулә ғой!» – деп Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаға қайта алмай Меккеде дүниеден озған сахабасын есіне алып, көңілін мұң торлады», – деген.

(Бұхари, уәсая 2/фарайз 6; Муслим, уасыйя 5).

@hadister_jinagy