Get Mystery Box with random crypto!

Қазақстан исламизациясын тоқтату мүмкін емес. Басты тезис осы | Essizdik is the new black!

Қазақстан исламизациясын тоқтату мүмкін емес.

Басты тезис осы. Бұл жетпіс жылға ұласқан дінсіздіктен кейінгі тарихи құбылыс және белгілі бір топтардың тікелей әсері. Сонымен қатар, қазақ халқының ислам мәдениетінен тым ерте ажырап қалуы да өз ізін қалдырса керек. Әйтеуір, отанымыз осы жолға түсті. Әрине, бұл құбылысқа оң немесе сол баға беру әлі де ерте. Бірақ, мен айтуға, Сіз қорытынды жасауға тырысыңыз.

Біріншеден, Нұртас Адамбайдың діншілдігі, Айнұр Тұрсынбаеваның Түркия мен Дубайдағы демалысы, парламент қабырғасындағы "сақалдылар" мен сіздің инстаграм сторисіңіздегі "ұстаздар" мен "молдалардың" қаптап кетуі бір үйдің әртүрлі бөлмесі ғана. Бұл үйді салушылар бар. Бірақ, ең маңыздысы сол үйде тұрғысы келетін халық та аз емес.

Өзіңіз білетіндей үй салу оңай нәрсе емес. Көп қаражат қажет. Демек, біреулер қаражат беріп жатыр. Бұны ұғыну қажет.

Екіншіден, (менің дінге қарсылығым деп ойлап қалмаңыздар) халық кедей болған сайын көзсіз діншіл келеді. Былай айтсақ, фанатизмге шалдығады. Бұның себебі көп. Мысалы, оқу орнын аяқтай сала жұмысқа кіру үшін пара беруге мәжбүр орташа азаматтың миына: "эх, біздің қоғам шариат бойынша өмір сүрсе мұндай иттік ғұмыр кешпес едім" деген әбден орынды ой келеді. Ол азаматқа бұл идея ертегі екенін түсіндіруге мемлекеттің уақыты да, ынтасы да жоқ.

Үшіншіден, біздің мемлекетті әлем картасының ешкімге де қызықты емес бір бөлігі деп санау өрескел қате. Құпия саясат пен ықпал ету шараларының көкесі біздің аймақта болып жатыр. Оған тойтарыс беріп жатырмыз ба? Бұл басқа әңгіме. Алайда, Қазақстандағы бұрынғы КТЛ жүйесі де, Ердоғанды мадақтайтын қазақша инстаграм парақшалар да, соңғы кезде қайтадан белсенділік танытып жүрген сопылар да белгілі бір мүддені көздеп жүр. Бұл айдан анық зат. Сіздің оқып жүрген кейбір телеграм арналарыңыз да ықпал ету құралы болуы әбден мүмкін. Бұны қаңтар оқиғасы кезінде көрдік.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы ислам ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, бұл ықпал уақыт өте келе ұлғая беретін болады. Бұдан қорқудың да қажеті шамалы. Жай ғана қабылдау қажет.

Алайда, егер Сіз өзіңізді толерантты либерал сезініп, "Базз Лайтер"-ді қатты көргіңіз келіп бара жатса, болашақта бұл мемлекет Сіз үшін қолайлы бола қоймас деп қауіптенемін.