Get Mystery Box with random crypto!

Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Ата-бабамыз дәл осы мейр | Эльвира Ергалина

Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!

Ата-бабамыз дәл осы мейрамға ерекше мән берген, мен де маңызын айта кетпекпін.

Білесіздер, қазақ ғасырдан-ғасырға ұлан-асыр дүркіреткен Наурызды Кеңес үкіметі “діни мейрам” деп танып, 1926 жылы тойлауға ресми түрде тыйым салды. Тек 1988 қайта жаңғырып, міне жыл сайын атап өтеміз.

НЕГЕ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ МАҢЫЗДЫ?

20-нан 21-не қараған наурызда күн мен түн теңеседі, Жер планетасының биологиялық ритмі өзгереді. Яғни өсу, өну жылдамдығы артады, тіршілік оянады.

Мұны білген Қазағым: дәл осы кездері тал отырғызып, гүл еккен.

Сондай-ақ, дәл осы кезеңде Ақ пен Қара теңеседі. Жер бетіндегі мейірім мен зұлымдықтың, ақ ниет пен қара ниеттің нүктесі тоғысып, энергия жаңарады.

Мұны білген Қазағым: “Ақ мол болсын!” деп көп тілеген. Ақ ниетті көбейткен, жетімді үйлендіріп, қиналғанға жылу жинаған.

Дәл осы күндері Өткен мен Болашақ бір сызыққа келеді. Өткен - қыс, болашақ - көктем. Жаңа тіршіліктің, өмірдің басталатын сызығы. Ал адам екеуінің ортасында тұрып, таңдау жасайды: не өткеннің қаңқасын сүйретеді, не жаңаға құшақ ашады.

Мұны білген Қазағым: өткеннің өкпе-ренішін ұмытып, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласқан. Ренжіскен екі жақты дәл осы мейрамда татуластырған.

“Жаңа оянған тіршілік қуанышқа, тойға толсын” деген ниетпен ән шырқап, би билеген, түрлі ұлттық ойыннан жарыс ұйымдастырған. Өткеннің асымен қоштасқан, яғни қыстың сүр етінен Наурыз көже дайындап, құрамына ақ қосып, жаздың жеңіл тағамына (айран-сүт) ауысқан.

Даналығына балта шабылып, құндылығы қиратылып барып, енді қалыпқа келе бастаған Қазағымның әр дәстүрінде табиғатпен үндесу бар. Ғаламның заңына, жылдамдығына ілесу бар. Тек ұрпаққа толық жетпей жатыр.

Құрметтілерім, Наурызда көже ішіп, бауырсақ жеп, картинамен құттықтап ғана қоймай, мазмұнына мән берейікші.

АҚ ниетімізді көбейтейік. Өткеннің өкпе-ренішінен арылып, ренжіскен жандармен татуласайық, кешірім сұрайық. Жан-жағымызға мейірім мен ізгілік таратайық.
Және…
Жер барлық нәрсе өсіп, көбейетін фазаға енді. Қазір отырғызған дәннің жемісі біраз уақыттан соң көріне бастайды. Сіз не отырғыздыңыз? Алған бағытыңыз қандай? Түпкі ниетіңіз қандай?
Сіздің әлемде АҚ мол болуын тіледім!