Get Mystery Box with random crypto!

БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР - БЕЙБІТ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ 1 маусым - халықаралық | Burgylau

БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР - БЕЙБІТ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жаңаөзен оңалту орталығында «бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараны орталықтың директоры Жарқын Андрейқызы мекеменің бас директоры Қанат Ермекұлы, қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Дулат Амангелдіұлы, кәсіподақ ұйымының төрағасы Ержан Бисенбайұлы және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Жаңаөзен өңірлік филиалы директоры Айтмұхамбет Құрбанбайұлы ашып, балаларға құттықтау тілектерін жеткізді.

- Бала - біздің болашағымыз, үмітіміз. Балғындардың қуанышты жүзін көру кез келген жан үшін бақыт. "Адамның бір қызығы бала деген, баласыз көңіл шіркін толар ма екен" – дегендей бала үшін өмір сүріп, баласының болашағына алаңдамайтын адам болмайды. Ерекше бүлдіршіндеріміз осы орталықтан сауығып кету мүмкіндіктеріне ие болып, ертеңгі күнде еліміздің мақтан тұтар тұлғалары болып өсе деп тілеймін, - деді құтықтау сөзінде Қанат Ермекұлы.

Сән – салтанатқа толы мерекеде оңалту орталығының тәрбиеленушілері дайындаған арнайы концерттік қойылымдар тамашаланды. Сонымен қатар оңалту орталығының жыл сайынғы үрдіс бойынша балабақшаны аяқтаған 21 түлекке дипломдар табыстады. Одан кейін балалар тақпақ айтып, ортаға шығып, сүйікті мультфильм кейіпкерлерімен бірлесе ән салып, би биледі. Мерекеге әрдайым ерекше сыйлықтарымен келетін Бұрғылау ЖШС мен Халық банкі мекемелерінің басшылары балалардың барлығына сыйлықтар үлестірді.  

Кеш соңында ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті. Жаңаөзен оңалту орталығының директоры Жарқын Андрейқызы: - Үнемі қолдау білдіріп жүретін осы екі мекемеге алғысымыз шексіз. Қай кезде де болмасын елеусіз қалдырмай, тілеулес екендіктерін білдіріп жүретіндіктеріне ризамыз. Осындай керемет кештің ұйымдастырылуына ат салысып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған «Бұрғылау» мекемесі мен Халық банкіне зор алғысымды білдіремін», - деді.

Мекеме басшылары сондай-ақ, Қызылсай ауылының ерекше балалары бар үйлерді аралап, бүлдіршіндерді мерейлі мерекелерімен құттықтап, арнайы сыйлықтарын таратты.

#балалардықорғаукүні
#біздіңұжым