Get Mystery Box with random crypto!

АМАЛ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ 14 наур | Burgylau

АМАЛ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

14 наурыз күні "Ажар" мейрамханасында Амал мерекесіне орай, қойнауы құтты мекеніміздің байлығын игеріп, ел экономикасының өркендеуіне қомақты үлес қосып, ізгілікті іздерін қалдырған зейнеткерлер үшін арнайы дастархан жайылды. "KazPetroDrilling" АҚ бастамасымен қолға алынған ісшараны "Бұрғылау" және "МұнайФилдСервис" кәсіпорындары бірлесіп өткізді. Мерекелік шараға "Бұрғылау", "МұнайФилдСервис", "Өзенмұнайгаз" кәсіпорындарының және Жаңаөзен қаласының, Қызылсай, Теңге, Рахат ауылдарының 80 – ге шуық зейнеткерлері шақырылды.

Алғашқы құттықтау сөзді алған "KazPetroDrilling” АҚ вице президенті Қайырбек Елеусінов зейнеткерлерді бірліктің белгісіне, татулықтың таңбасына айналған Амал мерекесімен құттықтады. Мұнайлы өлкенің, қала берді бүкіл қазақ елінің дамып, гүлденуінде сіздердің үлестеріңіз ұшан-теңіз. Ұзақ жылдар бойы түбек мұнайын игеріп, ел экономикасын дамытуға қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін зор алғыс! Елге етер еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім білдіремін – деді.

Алғашқы мұнай игерушілердің қатарына еніп, тыңға түрен салған алғаш бұрғышылардың бірі 94 жастағы Қойшыбаев Таңбай ақсақалдан бастап, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Қарамұрзаев Болатбай, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматтары Аманжан Өтесінов, Құрақ Тілеуқұловтар келіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

- Өмір деген – ауыспалы дүние. Басы қайсы, аяғы қайсы екенін білмейсің. Өз өміріңді билей де алмайсың. Уақыт дарияның ағысындай жылдам өтіп кеткенін байқамай да қаласың. Сонда көңілге қаяу түсірмейтін жалғыз себеп – артыңнан ілесіп келе жатқан көш. Олар сен салып кеткен ізбен келеді. Міне, қарттықтың жалғыз қуанышы осы болса керек, - деп бұрыңғы көштің жалғасына ризашылығын білдірді Қойшыбаев Таңбай ақсақал.

Көптен бері жүздескен зейнеткерлер бір-бірімен қауқылдасып, өткендерін естеріне алып бір жасап қалды. Ұйымдастырушылар тарапынан қонақтарға сыйлықтар таратылды. Сондай-ақ, қадірлі меймандар үшін Жаңаөзендік өнерпаздар ән, күйден шашу шашты.