Get Mystery Box with random crypto!

Ақпарат - information Білім - knowledge Қабілет - skills Б | ЕРБОЛАТ МҰХАМЕДЖАН

Ақпарат - information
Білім - knowledge
Қабілет - skills

Біздің мектептерде Үстірттен Түбежікке көшкенде түйеге артқан жүктей оқушы балаларымыз оқулықтан белі қайысып жүреді. Үйге тапсырма берілгенде, Батыс Германияға таңертең жолға шыққалы тұрған шпионды дайындағандай үйіп-төгіп береді. Мұның барлығы - білім емес. Ол - жай ғана ақпарат.

Ал ақпаратты ұсынғанда - ұрсу, жеку, жер-жебіріне жету, тек баға үшін оқуға мәжбүрлеу - академиялық адалдықты түбірімен шірітіп жібереді.

Финляндия неліктен оқу-ағарту саласында лидер? Себебі, олар құрғақ ақпаратты үйіп-төгіп беру емес, білім беру жолын таңдаған.

Біз неліктен Финляндия сияқты емеспіз? Себебі, ақпаратты неғұрлым нығыздап берсек, біздің балаларымыз соғұрлым көп біліп шығады деп жанталасып жатырмыз.

Ол - біз сыпыртқымен ұшқан мыстан кемпірдің ізімен, бұтымызға SpaceX зымыранын артып ұшсақ та қуып жете алмаймыз.

Өйткені, қараңыздар:

- Минут сайын Гуглге 6.000.000 іздеу жасалады
- Минут сайын (қайталаймын, минут сайын!) Ютубке ұзақтығы 500 сағаттық видеоконтент жарияланады
- Минут сайын Инстаграмға 65 972 контент жарияланады
- Минут сайын 347 222 туит жарияланады
- Минут сайын Фейсбукте 1.700.000 пост жарияланады
- Минут сайын Уатсап арқылы 41,666,667 хат жіберіледі
- Минут сайын 231.458.333 емайл хат жіберіледі. (Domo 2022)

Ал күніне (қайталаймын, күніне) әлем халқы 2 500 000 000 (2,5 млрд) гигабайт ақпарат тудырады (SG Analytics, 2020).

Мұның барлығын біздің ұрпағымыз үйренуі, оқуы, игеруі үшін әлемдегі ақпаратты үйіп-төгіп мектеп оқушысының миына тықпалау міндет емес. Ол үшін мына мен оқып жүрген Бостон қаласындағы Boston Dynamics сияқты компаниялар роботтар жасап жатса, Open AI компаниясы GPT-3 сияқты әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект негізіндегі технологияны жасап жатыр. Біздің ұл-қызымыздың робот болуының еш қажеті жоқ.

Білім беру керек. Тәрбие беру керек. Қабілет беру керек. Ал ол ақпаратты тықпалау, бағамен зорлау, үйретуді ұрсып-жекумен сүйемелдеу арқылы келмейді.

Баламен бала болу, білімді асықпай сіңіру, құндылықтар арқылы тәрбиелеу, нақты бір дүниені өз күшімен жасай алғанша сабырмен сабақ беру арқылы келеді.

Ал білімді және қабілетті баланың келесі сатысы - міндетті түрде даналық болмақ.

Әйтпесе, “Ислам бар, бірақ мұсылман жоқ” дегендей, мектеп-мұғалім-оқулық бар, алайда білім жоқ елге айналып барамыз ба деп қорқамын… (с) Тимур Бектұр