Get Mystery Box with random crypto!

Бізге астың жілікті, Ұл-қызың болсын білікті, Бізге астың белд | Қазақ фольклоры📚

Бізге астың жілікті,
Ұл-қызың болсын білікті,
Бізге астың белдеме,
Сыйлы бол басқа елге де.
Бізге астың кесек ет,
Дәулетің тассын еселеп.

Сыйлап бердің етіңді,
Жарылқасын бетіңді.
Енді әкелдің сорпаңды,
Орындатсын қолқаңды.

Келді тағы қымызың,
Арылмасын қызығың.
Қойдың қаймақ, айраның,
Аман болсын ауыл-аймағың.

Жаздың жайма, бауырсақ,
Бола берсін қауым шат.
Және келді құрт-майың,
Туа берсін құтты айың.

Рақмет дәміңе,
Ризалық берсін бәріңе.
Аман болып басыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз.

*** *** *** ***

Маған жаптың шапан,
Көңілде болмасын қапаң.
Маған мінгіздің ат,
Қыз ұзатып, қызығына бат!
Маған атадың жол,
Ұл өсіріп мәре-сәре бол!
Маған бердің ет,
Келін түсіріп, тілегеніңе жет!
Маған бердің сауға,
Басың түспесін дауға!
Алдыма салдың мал,
Алладан рақмет ал!

*** *** *** ***

Ет – Сізден,
Ықылас, ниет бізден.
Тілеуі ақты тәңірім
Мұратына жеткізген.
Жақсы-жаманды көріп бақ.
Бар мен жоққа көніп бақ.
Ащы-түщыны татып көр,
Тайыз-тереңді батып көр!
Ел басына түскен сынды,
Түз кешіп, түн қатып көр.
Жиынды топқа түскенде,
Жүйрігің баптаулы болсын,
Жігітің мақтаулы болсын.
Жортуыл, жорық жолықса,
Найзаң саптаулы болсын.
Нөкерің сақтаулы болсын.
Дастарханың тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Аман сақтап,
Абырой берсін!
Жорытқанда жолың болсын!

*** *** *** ***

Шаңырақ шалқи берсін.
Керегең кеңи берсін.
Осы үйге ән-күй келсін,
Дұшпаның кеми берсін.
Дастарханға береке берсін.
Күнде мереке болсын.
Қастық ойлағандар,
Қабағы ашылмай келеке болсын.
Әумин

*** *** *** ***

Әуелі құдай оңдасын,
Аруақтарың қолдасын.
Бақыт пен дәулет, бас пен мал,
Басыңа мәңгі орнасын.
Төрт құбылаң сай болсын,
Саған қастық ойлаған
Ғұмырында оңбасын.
Ақылды бол, арлы бол,
Бақытты бол, малды бол,
Қатарыңның алды бол!
Әумин

*** *** *** ***

Берекеміз қашпасын,
Белімізді ешкім баспасын,
Адал жан болып астасың,
Арыңды күлдей шашпасын.
Бақыт болса бастасың,
Мейманың, сірә, таспасын,
Тірлікте түзу жол тапсаң,
Тәңірім берер басқасын.
Әумин

*** *** *** ***

Әуелі құдай есен ет,
Жиреншедей шешен ет,
Атымтайдай көсем ет,
Лұқпандай береген ет.
Ибраһимнің басын берсін,
Сүлейменнің тақытын берсін.
Қыдыр құсы қонсын басыңа.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл-қызың.
Ас иесі байысын,
Бар ойлаған арманың,
Жақсылыққа сайысын.
Әумин

*** *** *** ***

Қазан-ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын.
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонып қияға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын.
Әумин

*** *** *** ***

Береке берсін басыңа,
Бақ қонсын басыңа.
Балын татып өмірдің
Жамбылдың жет жасына.
Қуанышпен достарың
Жинала берсін қасыңа.
Қойың қоздап егізден,
Ешкің туып сегізден.
Майдан қолың кетпесін,
Соғымың болып семізден.
Айтып жүрсін қонағың
Таңдайдан кетпей жегізген.
Шалқып жатсын дәулетің,
Тасыған селдей теңізден.
Баянды Алла бақ берсін,
Адалын берсін, ақ берсін.
Атағың кетіп Алашқа,
Астыңа алтын тақ берсін.
Әумин

*** *** *** ***

Береке берсін асыңа.
Әумин

*** *** *** ***

Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал-басты аман қылсын!
Әумин

*** *** *** ***

Дастарханың майлы,
Көңілің жайлы болсын.
Өміріңе не тілесең,
Тілегің қабыл болсын.
Әумин

*** *** *** ***

Дастарханыңнан дәм кетпесін,
Көңіліңнен сән кетпесін.
Әумин