Get Mystery Box with random crypto!

Дастарханға бата Әумин десең бердім бата Қабыл етіп бір Аллаһ | Қазақ фольклоры📚

Дастарханға бата

Әумин десең бердім бата
Қабыл етіп бір Аллаһ
Бақ-дәулет, берекет
Үйіңізге ұяласын.
Жаратқан Ием аман қылсын
Бізге берген шәйіңіз —
Жақсы болсын жәйіңіз.
Бізге берген етіңіз —
Қабыл болсын ниетіңіз.
Мақсатыңа жетіңіз,
Бізге берген тұз-дәміңіз
Таусылмайтын несібе болып,
Аман-сау болайық бәріміз.
Әумин, Аллаһу әкбар!

*** *** *** ***

Иә, жаратқан құдірет,
Мал-бастарын аман ет,
Басына бер бақыт,
Асына бер берекет,
Өмір-жасын ұзақ ет,
Михнаттан аман ет,
Дұшпанының күнін жаман ет,
Ұрпақтарын асыл ет,
Дүниедегі жақсылықты,
Дәл осы үйге нәсіп ет
Әумин.

*** *** *** ***

Құдайым осынау үйге дуа берсін,
Тіл-аузын дұшпанның буа берсін.
Келіннің балағынан бала саулап,
Салпы ерін сары ұлдар туа берсін.

*** *** *** ***

Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең
Тепкілесе кетпесін.
Желіңнің екі шетіне,
Тай шаптырса жетпесін!

*** *** *** ***

Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан,
Қошақанның анасы,
Салық бассын үйіңді!

Бақайлары сыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Бұзаулардың анасы
Сиыр бассын үйіңді.

Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан,
Ботақанның анасы
Інген бассын үйіңді!

Шіңгір-шіңгір кісінескен,
Сүйістікпен иіскескен,
Құлыншақтың анасы
Бие бассын үйіңді.

*** *** *** ***

Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа,
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның,
Жуа бітсін жолына.
Бақытың жетсін төтелеп,
Дүние малды жетелеп,
Аузыма түскен батаның
Жатырмын бәрін түгендеп!
Көтердік міне білекті,
Ақтардым түгел тілекті,
Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.

*** *** *** ***

Аумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Алтыннан – жағаң,
Күмістен – тағаң.
Оң жағыңнан кетпесін
Күрпілдек қара сабаң.
Жортсаң жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Тілеуің қабыл,
Мұратың асыл болсын.
Ішкенің қымыз,
Жегенің сырбаз,
Кигенің түлкі болсын,
Жүрген жерің ойын-күлкі болсын!

*** *** *** ***

Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын көгенің.
Құтты болсын құрығың,
Сүтті болсын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Аюдай болсын қайратың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың.

*** *** *** ***

Шайың қызыл болсын,
Ғұмырың ұзын болсын.
Несібең таса берсін,
Дұшпаның қаша берсін,
Құдайым ұзақ ғұмыр жаза берсін!

*** *** *** ***

Пейіліңе қонақжай
Бата берем қолың жай:
Ақ жарылған жүрегің,
Қабыл болсын тілегің.

Бізге сойдың семіз тай,
Төрт түлігің болсын сай.
Өсіп-өніп ұрпағың,
Төрт қиырға қанат жай!

Бізге сойдың құлын,
Жақсыдан болсын жұғым.
Өміріңді ұзартып,
Өзіңнен өте тусын ұлың.

Бізге сойдың марқаны,
Алдыңнан тарқат арқаны.
Сыйлы болып еліңе,
Сыбағаңды ал тағы.

Бізге сойдың қой,
Үйіңнен кетпесін той.
Қызығына қанып,
Ішпей-жемей той.

Бізге сойдың тоқтыны,
Еліңнің бұл тоқтығы.
Абырой алып ұл-қызың,
Биік болсын шоқтығы.

*** *** *** ***

Бізге астың бас,
Берсін саған ұзақ жас.
Ауыздықтап асауды,
Асудан асуға ас!

Бізге астың жамбас,
Жақсымен бол жандас.
Ықыласың қабыл боп,
Ырысың толмай қалмас.

Бізге астың сыбаға,
Жамандық көрме сірә да.
Қиянат қылма пендеге,
Жағамын десең құдаға.

Бізге астың қазы,
Болдық сізге разы.
Ақ май ақсын аузыңнан,
Үзілмей қорың қысы-жазы.

Бізге астың жаяны,
Өмірдің болсын баяны.
Болсаң да төлдің жылқысы,
Жұртыңның болма саяғы.

Бізге астың жал,
Басыңа бітсін дүние-мал.
Ата-анаңды ардақтап,
Аяқ-қолын жылы суға мал.

Бізге астың омыртқа,
Пәле-жалаға жолықпа.
Өрісің барда өрге шап,
Өз-өзіңнен торықпа.

Бізге астың шұжық,
Көргенің болсын қызық.
Аққу-қаздай мамырла,
Айдыныңда жүзіп.

Бізге астың жауырын,
Баланың берсін тәуірін.
Ізет көріп ініден,
Үзілмесін сауығың.

Бізге астың сүбе,
Қырсығың жерге енсін түге!
Күндегенді күңірентіп,
Күннен-күнге үде.

Бізге астың төс,
Үрім-бұтағыңмен өс!
Жайланып қон,
Жазылып көш!

*** *** *** ***