Get Mystery Box with random crypto!

Жеңіл баталар Кемеңгердің алғыр ойын берсін, Екі дүниенің абы | Қазақ фольклоры📚

Жеңіл баталар

Кемеңгердің алғыр ойын берсін,
Екі дүниенің абыройын берсін!

Талаптымен тау астырсын,
Талантымен таластырсын.
Жамандықтан адастырсын,
Жақсылықпен жанастырсын!
Білімің молая берсін,
Еңбегің зорая берсін.
Мақсаттарың айқын болсын,
Өмірлерің жарқын болсын.
Еңбектерің көшелі болсын!
Білімің тереңдесін,
Өнерің кемелденсін,
Жұлдызың жайнасыншы,
Табаның таймасыншы,
Дос-жарың безінбесін.



Жаңа Жылың құтты болсын,
Денсаулығың мықты болсын.
Жүрегіңіз жалын болсын,
Тілегіміз қабыл болсын!

Құдай берсін, кем қылмасын,
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Отбасының байлығын берсін,
Деніміздің саулығын берсін.
Көңіліміз тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Отырғандарың үлкен тақ болсын,
Осы үйге тек бақ қонсын!
Сұрасаң бата берейін,
Ықыласпен қол жайсаң,
Үстем болсын мерейің.
Басыңа бақ орнасын,
Қызыр болсын жолдасың.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Уа, Жаратқан, жарылқа!
Мезгілсіз келер өлімнен сақта,
Кездейсоқ келген келіннен сақта.
Дауылдың кәрінен сақта,
Жыланның зәрінен сақта,
Аяқ астынан келетін
Бәле-жаланың бәрінен сақта!

Пейіліңе қонақжай,
Бата берем, қолың жай:
Ақ жарылған жұрегің,
Қабыл болсын тілегің.
Бізге сойдың қой,
Үйіңнен кетпесін той.
Қызығына қанып,
Ішпей-жемей той.
Бізге астың бас,
Берсін саған ұзақ жас.
Ауыздықтап асауды,
Асудан асуға ас!
Сыйлап бердің етіңді,
Жарылқасын бетіңді.
Енді әкелдің сорпаңды,
Орындалсын қолқаңды.
Рахмет дәміңе,
Ризалық берсін бәріңе.
Аман болып басыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз!

Маған жаптың шапан,
Көңілде болмасын қапаң.
Маған мінгіздің ат,
Қыз ұзатып, қызығына бат!
Маған атадың жол,
Ұл өсіріп мәре-сәре бол!
Маған бердің ет,
Келін түсіріп, тілегіңе жет!
Маған бердің сауға,
Басың түспесін дауға!
Алдыма салдың мал,
Алладан рахмет ал!

Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең,
Тепкілесе кетпесін!