Get Mystery Box with random crypto!

Болғайсың, балам немесе ұлға өсиет Шарласаң шақырымды, Қысам | Балаларға арналған тақпақтар

Болғайсың, балам

немесе ұлға өсиет

Шарласаң шақырымды,
Қысамын тақымымды.
Өзіңе балам бүгін
Айтамын ақылымды.

Атадан бата алмаған
Тексізді кім қолдаған?
Құдайға құл бол, балам,
Ұлтыңа ұл бол, балам!

Білімнің ашқаны - бақ,
Тарихтың дастаны ұзақ.
Оятар ой-қиялды
Кітапты жастанып жат.

Жалғызға - мың бол, балам,
Жауапқа- тың бол, балам.
Жалғанға - шын бол, балам,
Үлкенге - жым бол, балам.

Кірпішін қашап Елдің,
Ерлігін жасап Ердің,
Ұлыңнан кейін қалып
Әкеден аса бергін.

Жеткізер биіктерге
Тұғырың - Тұран-Далаң.
Отаның - дұғаң, балам,
Кітабың - «Құран», балам!



Мінезді жөндеп көргін,
Керексе тентек болғын.
Ұйқыға көп берілмей,
Күн-түні сергек болғын.



Бабалар елді қорғап
Сан мың қол жасақтаған.
Ұраның - "Қазақ", балам,
Болғайсың азат, балам!

Жаманмен ұрыспағын,
Болмасқа - тырыспағын.
Тектілік - ырыс-бағың,
Бойыңды тік ұстағын.

Сенбе сен ешқашанда
Сөздерге былшылдаған.
Жасыңнан қылшылдаған
Болғайсың шыншыл, балам!

Қазақта - күш бір тума, Ие бол түс-сыртыңа.
Шүбәлі ермей сөзге,
Бірдей бол үш жұртыңа.

Жығатын тек жалғызды
Сенбе тек күшке, балам.
Тұзаққа түспе, балам,
Арақты ішпе, балам.

Қазақтың болды ма екен
Кездері қорланбаған?
Болғайсың Тарлан, балам,
Еліңе - қорған, балам!

Қайтейін көз бергесін,
Тұрпатың өзгермесін
Өзіңе сөз ерсе де,
Әкеңе сөз келмесін.

Анадай шартарап бар,
Ол барда шалқалап қал.
Шешеңді Мекке жаққа
Жеті рет арқалап бар!

Ініге иінағаш бол,
Ағаға - адалбақан,
Өзіңе - қатал,балам
Сөзіңе - адал,балам

Бірегей ойың болса,
Қарама жайтқа, балам.
Айтқаннан қайтпа, балам,
Өтірік айтпа, балам.

Адасып жүрсең егер
Салады жөнге бабаң. Жамандық көрме, балам
Оза бер төрге, балам

Арманды көксеп кел де,
Жете бер көп шептерге.
Өзіңе айтқан сөзді
Жеткізші шөпшектерге. Әміржан ҚОСАНОВ