Get Mystery Box with random crypto!

​Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл! Бүгін рәміздер күні деп жазып | AYATZHAN / Мінез!

​Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл!

Бүгін рәміздер күні деп жазып жатқанда ойыма үш оқиға түсті.

1. Рәмізге құрметті ең алғаш оқушы кезде Қытайда көрдім. Қытайда мектепте аптасына бір рет ту шығару салтанаты деген рәсім өтетін. Ол жақтағы қатаң тәртіп қой, бүкіл мектеп алаңда қасқайып тұрып, ән ұран айтып, ту көтеретінбіз. Бірақ, аса қатты соның мәні мен мағынасын түсінбеппін. Тек тәртіпке бағыну керек болғасын тұратынбыз. Сұрақ қою мүлде жоқ еді.

2. Ең алғаш елге оралып, Кентау қаласындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті филиалында дайындық факультетіне оқуға түсіп, бардым. Қазақстанның елімнің ән ұранына қолымды кеудеме қойып тұңғыш рет сонда тұрдым.
Сол жерде дүйсенбі күні таңертең 8:00 де бірінші Қазақстанның, екінші Түркияның ән ұраны қойылады.
Кейде қандай да бір сабақтан кешігіп қалсақ, Қазақстан ән ұраны шығып жатқанда жұрт баспалдақта, ғимарат іші сыртында жүгіріп бара жатады.
Ал, екінші Түркияның ән ұраны шыққанда көшеде келе жатқан түрік студенттерінің өзі қатып қалатын қаздиып. Тіпті, есіктен кіріп келе жатса есікті ашқан жерде тоқтап қалатын. Оларды ән Түркияның ән ұраны шығып жатқанда қозғалту мүмкін емес еді. Сол кезде қатты таңғалып ем, не деген құрмет деп.

3. Біз мектепте әр дүйсенбі мектепте ән ұран қосылып, сабақты бастаймыз. Жыл басында оқушыларды үйрету қиын болды. Жүріп бара жатқандар тоқтамайды. Әйтеу жыл бойы үрйеткендей болдық.

Өткенде 24 мамыр үздіктерді марапаттау және 25 мамыр соңғы қоңырау іс шарасында ән ұранмен бастаған сәтте біраз ата-аналардың ән қойылғандағы әрекеттерін көріп, таңғалдым.
Мектеп ауласында іс шара басталып, ән ұран қосылды. Оқушылар, ұстаздар, біраз ата-анлар кеудесіне қолын қойып тұр.
Бірақ, кейбір ата-аналар мектеп ауласындағы орындықта отыр, кейбірі телефон шұқылап, кейбірі сөйлесіп тұрды.
Мен біз кімді тәрбиелеп жатырмыз деп таңғалдым.

Жалпы рәміздерге құрметіміз қаншалық?
Ту оранып суретке түсу үшін, әнұран спортшылар жеңіске жету үшін ғана керек секілді қарайтындар азайып, елдің символы деп құрметтейтін ел қалыптасуы керек.

Жалпы мемлекеттік рәмізі жоқ, әлі отар қаншама жұрт бар, әлі отар қаншама ұлт бар. Тәуелсіз ел болуды аңсайтын қаншама қауым бар.
Бақытымызды бағалайық!

Елдігіміз мәңгілік болсын!
Көк туымыз мәңгілік желбірей берсін!