Get Mystery Box with random crypto!

Өмір жақсы адамдармен, мейірімді адамдармен жып-жылы. Өткенде | AYATZHAN / Мінез!

Өмір жақсы адамдармен, мейірімді адамдармен жып-жылы.

Өткенде бір күні кешке осындағы бір қарындас маған былай деп жазыпты:
- Аятжан мырза, сәлеметсіз бе! Кеш әрі демалыс күні мазалап отырғаным үшін кешірім өтінемін.
Рұқсат болса, сұрайын дегенім, мектебіңізде 11-сыныпта оқитын, оқуға ынтасы бар, бірақ ҰБТ-ға қосымша дайындалатын қаржы жағынан мүмкіндігі жоқ оқушы бар ма екен? ҰБТ-ға екі айдай қалды. Сол екі айын төлеп берсем деп едім. Сіз сондай баланы ұсына аласыз ба? Қазбілімге хабарластым, комплекс айына 60 мың дегендей болды. Түсінемін, екі ай аз уақыт. Дегенмен осы дайындықтың арқасында ҰБТ-да әр пәннен қосымша тағы 4-5 балл алып, грантқа өтіп кетсе деген ой.
Ойыма кеш келіп отырғаны, осы айдың соңында туған күнім. Сосын ойландым, жәй далаға шашылатын 100 мыңды ынтасы бар балаға жұмсағаным дұрыс болар деп. Ойыма Сіз түстіңіз. Әзірше шамам келіп отырғаны осы. Алла жазып жатса, болашақта тағы бір баланың жылдық оқуының қаражатын төлеуге мүмкіндік беріп жатса, төлеп оқытсам деймін.
Сіздерде бір жыл дайындалып, грантқа түссе, ары қарай төрт жыл университетте стипендиясын алып, тегін оқыса қандай қуанар ем, - деп жазыпты.

Не деген мейірім, не деген тереңдік. Тауып бердім, балаға сәттілік тілеп, жақсы оқы деп тілегін айтып, екі айлық ақшасын төлеп кетті. Баланың жүзінен қуаныш ескені, сондай бақытты сезінді. Екеуі де риза.

Туған күнімді әдемі жерде тойлауым керек, демейді. Бір адамға болса да көмектессем, қазақтың бір баласының болса да бағын ашсам дейді.

Міне қазақтың қыздары осындай, осындай ұлы сезімдер иесі.

Алда ораза айы келе жатыр, сауапты айда дәл осындай біреуге өмірлік пайдасы тиер жақсылық жасайтын адамдар көп болсын!

Өмірден мейірім үзілмесін.