Get Mystery Box with random crypto!

Талдықорғандық оқушы талқыланып жатыр... Иә, бұрын оқушыны мұ | AYATZHAN / Мінез!

Талдықорғандық оқушы талқыланып жатыр...

Иә, бұрын оқушыны мұғалім ұрыпты, мұғалім оқушыға артық шара қолданыпты, қатты ұрсыпты деген оқиғалар көп айтылатын. Қазір мұғалім оқушыны ұру түгілі оқушыға қатты ескерту жасай алмайды. Себебі бізде ең қатты жұмыс жасайтын жалғыз заң бар, ол - Бала құқығы туралы заң.

Әрине, ешкімді ұрып тәрбиелеу мүмкін емес, оны жақтамаймын, құптамаймын. Бірақ ескерту жасауға, тәрбиеге шақыруға қорқып қалған педагогтар қауымы қалыптасқанын жоққа шығармаймын.

Қазіргі кезде мұғалімге күш көрсеткен оқушы мен мұғалімге қысым жасаған ата-ана туралы жиі естиміз, күнделікті өмірде де жиі көреміз ондай жағдайды. Бұның соңы жақсылыққа апармайды.

Мен баяғыда сынып жетекші болғаннан бері үнемі ата-аналар жиналысында:
- құрметті ата-аналар, сіздер білім саласын сынайсыздар, бізді мұғалімдерді сынайсыздар, мектепті жамандайсыздар, мұғалімді жерден алып жерге саласыздар, білеміз, әрине, ешкім мінсіз емес, сынаңыздар, жамандаңыздар, жалғыз өтінішім бар, - деймін ғой. Айтыңыз не өтініш дейді
- айналайын, құдай үшін балаңыздың алдында бізді жамандамаңыздаршы, бізді талқыламыңыздар, мектепті жерден алып жерге салмаңыздар. Оны тек жатын бөлмеге кіргенде күйеуіңіз екеуіңіз қалғанда айтыңыздаршы, - деймін.

Иә, бізді баланың көзінше жамандап-жамандап алып, ертең балаңызға тәрбие ал деп бізге жібересіздер, қалай тәрбие алады, қалай тыңдайды?Күнде біз туралы нашар ақпарат естісе, қалай сыйлайды деймін ғой. Кейбірі күледі, кейбірі ұялады.

Иә, егер ата-ана мұғалімді сыйламаса, бала тәрбие алмайды, дұрыс білім алмайды. Себебі ол үшін мұғалім бейшара біреу, тұлға емес.

Кешегі Талдықорғандағы жағдай да - тура сондай оқиғалардың бірі. Өзіміз де кезінде оқушыға ескерту жасаймыз деп "таяқ жегенбіз”.

Біріншіден, дәл қазір бұндай бассыздық жасаған оқушының ата-анасына жай әкімшілік жаза емес, қатаң шара көру керек. Баланың тәрбиесінің ең маңызды жүгі ең алдымен ата-анада. Баланың бүкіл тәрбиесін мектепке ысырып тастаған ата-аналар тым көп, өкінішке қарай.

Екіншіден, тәрбие процесін, тәрбие принциптерін қайта қарау керек. Орта білімдегі тәрбиені білім мазмұнынан бөліп қарауға болмайтынын, тәрбие концепциясын ұлттық бағытта қайта қарау керек екендігін Білім және ғылым министрлігіне екі-үш рет ұсыныс ретінде айтқанбыз. Жасауға көмектесу туралы ниет те білдіргенбіз.

Үшіншіден, бұл жерде мектепке бір мән берген дұрыс, мына партадағы жазулардың бәрін ескермеген мектептің оқушысы үшін ана сөздер қалыпты жағдай болып кетеді. Адамды ортасы тәрбиейді. Ортасы осындай былапыт болса ондай тірлік те қалыпты жағдай боп кетеді. Бір сөзбен айтқанда ұят болмаса бәрі болмайды.

Жалпы мектептерде осы оқу жылында болған оқиғалардан (ұл баланың көйлек киіп келуі, ертеңінде суицидке ұшырауы, қыздардың қасын қырып тастауы, мұғалімге өте дөрекі сөйлеуі және мына партадағы секілді жазулар) бәрінде шуды баса салуды емес, әр оқиғадан сабақ алып, шешім шығаруды ойлану керек.