Get Mystery Box with random crypto!

Әрбір жұмыр басты пенденің икеміне қарай бұйырған өмірлік кәсі | Жергілікті аудармерия

Әрбір жұмыр басты пенденің икеміне қарай бұйырған өмірлік кәсібі болады. Әлде олай емес пе? Әйтеуір, өзімде жоғы анық. Мен және мен сияқты өмірлік кәсібі жоқтар бұдан аса зиян шекпейді деген үмітім бар.
Бірде бір жанашыр кісі маған "Әрнәрсеге әсемпаз болғанша, бір мезгіл қызмет қуып, қалған уақытыңды отбасыңа, тым құрыса демалысыңды қызық етуге жұмсасаң нетті?" деп кейіді. Қамшының сабындай қысқа мынау ғұмырыңды әр нәрсеге шабылып, ысырап қылғаннан шыққан мүйізің қайсы?- деп және сөкті.
Қызығы сол, бұл сұрақты кейінгі жылдары мен де өзіме жиі қоямын, әсіресе, қу тірлікке тұншығып, айналамда болып жатқан дүниелерге ықпал ете алмай, абдыраған күндері. Осы менің әр салаға бас сұғып, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, басыма іс түскенде бұйым болмайтын машықтарды қуғаным бекершілік емес пе?
Әйтсе де, психология ғылымы бұл "кесел" көбіміздің бойымызда сонау балалық шақтан бар екенін түсіндірді. Біразымыз бұдан есейіп шығамыз, кейбіріміз ата-анамыздың әсіре қаталдығынан мұнымен өмір-бақи күресуге мәжбүрміз. Ал кейбіріміз асау әуестікті "ерттеп мініп", оны асу бермес белдеулерден аттап, алыс-шалғайды шарлауға көмектесетін хас пыраққа балаймыз. Пақырыңыз өзін кейінгісіне жатқызғысы келеді. Сондықтан, жоғарыдағы сауалға да "жоқ" деген жауабы дайын. Білімнің түрлі салалары, шындығында, тек сырт көзге ғана қиыспастай көрінеді. Адам баласының қысыл-таяңда миындағы құрақ-құрақ мағлұматты қиыннан қиып, қиырдан жиып, мәселенің тың шешімін табатыны бар. Басыңа бұлт үйірілгенде, әсіресе, сүйенерге сырық, таянарға таяқ азайған мынау бұлыңғыр заманда, тосын тапқырлық қайратыңа қайта қанат бітіреді. Ақыл-парасатыңның арнасын кеңейтудің бір амалы — шетелде тұрып көру не кемі бөтен ел (неғұрлым алыс болғаны жақсы) шығармалары мен мәдениетінен сусындау.
Таным қышуын қандырудың және бір жолы — тіл үйрену. Шет тілі мына әлемге басқаша қарап, өзіңді басқа қырыңнан тани түсуіңе жаңаша жол ашады.
Бұл соқпақта, дегенмен, өз мәдениетіңнен, ұлттық түйсігіңнен ажырап қалу қаупі де төбеңнен үнемі төніп тұрады. Түйсігім одан әрі кеңейсін десең, өз тілің мен мәдениетіңнің қуыс-қалтарыстарын барлаудан жалықпауға тиіссің.

Осының бәрін іске асырудың аудармашылықтан асқан амалы жоқ-ау, сірә?! Қайткен күнде де, сенің жолайы атқарған әрбір тірлігің мен әдептен озбайтын әрбір ермегіңнің, нәйеті өмірдің түрлі саласынан жиып тергеніңнің аларынан берері мол. Қай кетікке қаланарыңды білмей жүрсең, яки өз бейімің мен ойып алар орныңды әлі таппаған болсаң, тілмаш болып көр.
#кәсіп #аудармашы #тілмаш #өмірлік_кәсіп