Get Mystery Box with random crypto!

Аударгазм

Telegram арнасының логотипі audargazm — Аударгазм А
Telegram арнасының логотипі audargazm — Аударгазм
Арна мекенжайы: @audargazm
Санаттар: Тілдер
Тіл: қазақ
Жазылушылар: 749
Арнадан сипаттама

Ағылшын, орыс тілдерінен қазақшаға аударудың сәтті мысалдары

Ratings & Reviews

3.33

3 reviews

Reviews can be left only by registered users. All reviews are moderated by admins.

5 stars

1

4 stars

1

3 stars

0

2 stars

0

1 stars

1


Соңғы хабарлар 2

2022-06-11 17:08:40 What's up, жаңа, көне лингвистер!
 
Контекстін ұқпасаң, аударусыз қалдыратын сөздердің тағы біреуі —"Локализация". Аударуы қиын емес сияқты бір қарағанға.
Бірақ іс жүзінде қазақшасын оңдырған адам көрмедім.
Мағыналары:

1) Таралуын шектеу, жайылуына жол бермеу мағынасында: "Оқшаулау" деп аударуға болады тек контекст: қарулы қақтығыс, техногенді апат, инфекция болса ғана.
Басқа контексте қолдансақ, сөйлем мағынасы әдіре қалады.

2) Бірнәрсенің тұрған орны немесе оқиға болған жері, локализация опухоли, проявлений кандидоза т.б - ауру белгілерінің, ісіктің, т.б. шығатын не өрбитін жері. Контекст медицина.
Көбіне аудармай, сол күйі "локализациясы" деген дұрыс, немесе грамматикалық трансформация жасауға болады. Мыс, дәрігердің науқасқа жазған қорытындысында: "Локализация патологических проявлений - на слизистой оболочке полости рта" десе "Ауыз қуысының сілемейлі қабықшасында патологиялық белгілер бар"

3) Жат жұрттық, шет елдік бірдеңені елге әкеліп жерсіндіру. Локализация бизнеса, производства, технологий.
Бұл жерде локализацияны ешқашан "оқшаулау"деп аудармаймыз. Тек "жерсіндіру", тым құрыса, "жергіліктендіру" деп аударған жөн. Ойбай, ол "акклиматизация" мен "коренизация", ойбай, ол басқа сөз!" -деп орыс тілінің ығынан шыға алмай байбалам салуға еш ақылға қонарлық себеп жоқ. "Жерсіндіру" сөзінде "климатқа" не "коренной" сөзіне қатысты еш ассоциация болмағандықтан, бұл контексте де еш қысылмай қолдануға болады.

4) Локализацияның тағы бір мағынасы, сайт, программа, ойын т.б. софт құралдар мен ережелерді, әлдебір жүйені әлдебір елдің мәдениетін ескере отырып, тіліне "аудару" ғана, немесе"бейімдеу".

Тағы басқа мағыналары болса, қосарсыңдар. Тек бір мәнін екіншісімен шатастырмасаңыз болды.
Ал егер өртті «жерсіндіріп», ісікті «жергіліктендіріп», шетелдік технологияларды «оқшаулап» қоятын әдетіміз болса, онда сол күйінше «локализация» деп қалдыра салғанымыз жөн. Саланы білетін адам түсінеді.

 #локализация
1.1K viewsAskar Bazarbay, edited  14:08
Ашу / Түсініктеме
2022-05-20 19:09:04 - Не хабар?
- Оқырманға қысқа қайырам деп, әдеттегідей эссе жазып кеттім(((
- Содан?
- Жіберейін бе, жібермейін бе деп сол.
- Әйтеуір пайдасы бар ма?
- Әрине. Бұл мәселеге соқтығатын жалғыз мен емес қой. Біреудің уақыты мен жүйкесін үнемдер, ей бір жағынан қызық та ғой.
- Онда не ойланатыны бар? Жібер, шешесс.

Аударма саласында "сірескен жұп" деген ұғым бар, немесе сөзбе сөз аударсақ "өлі жұп" .
Бұл нақты мән-мағынасы жоқ әлдебір қыршыма сөздің аудармасы ретінде оның бір ғана баламасын барлық жерге қыстыра бергеннен туатын "қырсық" жұптар.
Мағынаның, түсіністіктің қас жауы осы "өлі жұптар".
Солардың бірі:
" Доступный мен Қолжетімді" жұбы.
Осы "қолжетімді" деген сөздің тура мағынада не тіпті жалпы басқа сөзді аударуға қолданылғанын көрмедім де естімедім. Сол үшін бұл сөз жүрген жерден, Баба Яга айтпақшы: "Русским духом пахнет!" .
Бұл сөзді біз оған шын зәру болғаннан емес, алдымыздағы мәтіннің айтарына бас қатырмау үшін, әкімият, сәкімиятта жұма күнгі ішісті аңсап отырып, орыстың тап осы сөзіне бола ойлап таптық.
Сондықтан ол сөзге қатты әуес болудың қажеті жоқ.

"Доступный" деген орыстың сөзі ағылшын тіліне
affordable -
accessible -
available -
reachable
comprehensible -
plain
clear and concise
obtainable т.б. баламалары бар, сондықтан оны әртүрліше аударуға болады.

Демек "доступный" сөзін қазақшаға да солай аударуға болады:
Доступная цена - Қолайлы баға

Доступное правительство - Халыққа жақын үкімет

Доступные товары - қалта көтеретін тауарлар, қымбат емес тауарлар

Доступная аренда квартир - шамаң келетін пәтерақы

Доступное расположение (здания) - ғимарат жолға жақын орналасқан

Доступные файлы - ашық файлдар

Доступный язык повествования/статьи/рассказа - жазбаның/мақаланың/әңгіменің тілі жеңіл

Доступный язык программирования/ Доступное управление - бағдарлау тілі оңай, басқарылуы оңай

Доступные ресурсы - қолың жеткен қаражат, қолда бар ресурсар

Абонент временно недоступен - Шақырылған абонент уақытша қоңырау қабылдай алмайды" ("уақытша" деген сөз болымсыз сөйлемде қолданылмайтынын ескерсек: "Абонент әзірше сөйлесе алмайды"

Одан бөлек, бағаға қатысты "көңілге қонымды", немесе жай ғана "көнімді" деген сөз бар.


"Доступная ипотека" - дегенге ойда жоқта, еңсерімді ипотека- деген сөз келе қалды ал, айыпқа бұйырмаңыз.

Тізімді толтырам десеңіз, қысылмаңыз!
Ең абсурд нұсқалар қайта тез есте қалады

Доступная женщина - жеңіл жүрісті, көті бос әйел.

Тіл білімінде қате аударудан гөрі дұрыс аудару жолдары көбірек, сондықтан талауға рұқсат.

#доступный #қолжетімді #синоним #балама #affordable #accessible
1.5K viewsAskar Bazarbay, edited  16:09
Ашу / Түсініктеме
2022-05-19 11:20:14 Синхрон аударма ісінде "split attention" - қосарналы зейін деген дағды бар. Яғни зейініңізді екі арнаға айыра білу қабілеті. Тыңдау, есте сақтау, түсіну, дұрыс аударма табу, оны айту, соны айтып жатқан мезетте келесі ақпаратты тыңдап, есте сақтау.
Осының барлығын жасап отырып, аудитория көңіл-күйін, дауыс ырғағыңды т.б. ұсақ түйек дүниелерді бақылап отыру.

Бір уақытта екі (не одан да көп) тапсырманы орындауды талап ететін жоғары деңгейлі шеберлік. Мысалы, көлік айдап отырып, жолаушымен сөйлесу немесе жаңалық қарап отырып кешкі ас ішу.
Алдыңғы тақырыпта ми бірнеше тапсырманы бір уақытта жасай алмайтыны дәлелденді деген ой айтылды. Соның қаншалықты (Сәлем, kalkastop :-) рас-өтірігі емес), тап қаншалықты рас екені қызық . Зерттеу қалай жүрді? Тапсырма ретінде нені алды, өлшем бірлігі қандай? Қандай құралмен өлшеді?
Себебі ми қызметіне қатысты нәрселерде "дәлелденді" дегенге әсіресе "ғылыми" дегенге күмәнмен қараймын.
Сіз не ойлайсыз?
843 viewsAskar Bazarbay, edited  08:20
Ашу / Түсініктеме
2022-05-18 23:40:11 Негізі ағылшыннан орысшаға қисық-писық немесе үш-төрт сөзбен аударылатын, не мүлде аударылмай латинизммен құтылатын сөздеріне қазақтың сөздік қорынан дәл түсетін балама тапсам, аударгазм алам.
Өзімнің ұсақшыл түйсігімнің тар майданында Империяда кеткен есем қайтқандай марқайып қалам.
Білем, ғалым адамға саяси сезімге беріліп, бөтен тілге мысықтілеу болу этикаға жат екенін, бірақ сондай guilty pleasure*-ым бар.
Жатарға бір миқатырық (сондай сөз бар ма еді өзі?) болсын.
Guilty pleasure* - сөзіне қазақ тілінен лайықты "күйеу бала" қарастырайықшы қорымыздан.
Жасырын әдетім?
Арсыз әдетім? (Үш арсыз- ұйқы, күлкі, тамаққа сілтеме)
Ұрын ләззатым?
Жағымды айыбым?
Құпия құмарым?
Әуейі әуесім?

* Жақсы көретін, бірақ жұрт біліп қойса, ұят болатын әрекетің"
#guilty_pleasure
816 viewsAskar Bazarbay, edited  20:40
Ашу / Түсініктеме
2022-05-18 21:57:36 Берілгені: Are women better than men at multitasking?
Действительно ли, что женщины более многозадачны чем мужчины.
Сөздікті қараймыз,
English: Multitasking
Русский: Многозадочность
Қазақша: Көптапсырмалылық
Бәрі орнында.

Тек бірдеңе жетіспей тұр қазақшасында. Термин технология саласынан психологияға бас жіпсіз кіріп кеткен (гуглдат "зависть к физике", — әлеуметтік ғылымдар өз құбылыстарына тиянақты кескін беру үшін нақты ғылымдардан термин ұрлайтыны бар).
Ендеше, термин сөз деп жармаса бермей, төте жолмен жүруге болады.

Бір қадам артқа шегініп, не айтқысы кеп тұрғанын ұғайық.

Сонда бұл жерде әйелдің үлгерімпаздығы туралы айтылғанын байқаймыз.
IT саласында да multitasking процессордың бірнеше тапсырманы бір уақытта орындап үлгеретіні туралы.
Ендеше, лық, лылық, лылылық деп өзімізді де, жұртты да қинамай:
"Әйелдер үлгерімпаздыққа еркектен артық бейім бе?" -десек те, ешкімнің сервері құламайды.
#multitasking #многозадачность #үлгерімпаздық
1.0K viewsAskar Bazarbay, edited  18:57
Ашу / Түсініктеме
2022-05-10 17:28:29 Қазақша: "Жыламаған балаға емшек жоқ"
Орысша: "Под лежачий камень вода не течет"
Ағылшынша "Squeaky wheel gets the grease" (сөзбе-сөз аудармасы: "Сықырлаған дөңгелекке май бірінші бұйырады")

Жалпы үшеуінің де мағынасы - бірдеңе керек болса, ең алдымен соны өзің дауыстап айтып, қарап жатпай, өзің белсене қамына кірісуің керек"
881 viewsAskar Bazarbay, edited  14:28
Ашу / Түсініктеме
2022-05-07 19:48:23 Ағылшынша ауызша айтылған мақал қазақшаға соған ұқсас не жақын қазақша мақалмен аударылғанын қалар ма едіңіз әлде нақты мағынасы қарапайым тілмен түсіндірілгенін қалайсыз ба?
Сұрақты ермек үшін қоймадым.
Ауызша аудармашылар арасында осындай бөлініс бар.

Бірі мақал-мәтел, фразеологизмдерге ұқсас балама іздеуге тырысады. Тапса, ондай аударма шешеннің аузынан шыққандай "естіледі". Әлбетте, мықтылығын паш ету үшін.

Екіншісіне шешендігімен жарқ ету емес, тыңдаушы жетесіне ақпаратты барынша анық жеткізу маңызды, яғни мезетінде таба қойған тұрақты тіркесіңді не бір терең мәнді мақалыңды тыңдаушы естімеген, естісе де оның мәнін сен ұққандай ұқпауы да мүмкін ғой.
Орысша-ағылшынша бағытта ілесіп аудару кәсібінің ардагері Андрей Фалалеев, мысалы, ауыспалы мағынасы бар мәтелдерге, фразеологизмдерге ұқсас балама іздеп әуре болма дейді.

Бұл жерде, меніңше, сөздік қорға, шартты бір тілдің әлеуетіне адал болу мен алдыңда тұрған тыңдаушыға адал болудың қайсысын таңдайтыныңа байланысты сияқты.

Upd. Мысал сұрадыңыздар, мысалға "шошқа тағалап жүр", "қара бет болу", "түлкі бұлаңға салу", "сиырқұйымшақтану", " сойылын соғу" сияқты тікелей аударсаң, өлсең де түсінбейтін кез келген тұрақты тіркестер мен ауыспалы мағынада айтылатын мақал-мәтелдер".
975 viewsAskar Bazarbay, edited  16:48
Ашу / Түсініктеме
2022-05-07 19:24:02 Әннің авторы һәм алғашқы орындаушысы Долли Партон.
Пікірлерде біреу бұл әннің дәл бағасын былай беріпті:
"Долли жүрегіндегісін өзіңе ғана айтып тұрғандай, ал Уитни Хьюстон болса, бүткіл әлемге жариялағандай"
"Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма? " дегендей, couldn't have said it better.



731 viewsAskar Bazarbay, 16:24
Ашу / Түсініктеме
2022-04-30 02:59:00 Тупой шюткі:

Қазақтың “Камшат”, деген әдемі атына көтін ашып күлетін Әміркендерге оларда “Амбер” деген әйел есімі бар екенін ескерту керек.
961 viewsAskar Bazarbay, edited  23:59
Ашу / Түсініктеме