Get Mystery Box with random crypto!

“BE FAST” формуласы. ⠀ Бұл өмір қысқа, бірақ арманымыз шексіз. | Алмат Жайлаубаев

“BE FAST” формуласы.

Бұл өмір қысқа, бірақ арманымыз шексіз. Көп іс жасағымыз келеді, бірақ уақыт жетпейді. Ал уақытпен алысу - бос әурешілік. Өйткені уақытқа тұсау жоқ.

Сол үшін кез келген нәрсені тез үйренуіміз қажет. Осылайша уақытты үнемдей отырып, ойдағы істерді біртіндеп жүзеге асыра бастаймыз.

Жылдам үйрену үшін қолданатын бір формула бар. Ағылшын тілінен аударғанда ТЕЗ БОЛ деген мағына беретін - “BE FAST” формуласы.

Бұл формуланың авторы - Джим Квик (Jim Kwik). Джим әйгілі Голливуд әртістері мен бизнесмендерге осы формуланы үйреткен.

Ендеше кез келген істі, қабілетті немесе өнерді үйренем десеңіз, осы формуланы қолданыңыз. “BE FAST” – әр әріпі бір сөзді білдіреді.

B - Believe: СЕНУ
E - Exercise: ЖАТТЫҒУ, ПРАКТИКА ЖАСАУ

F - Forget: ҰМЫТУ
A - Active: БЕЛСЕНДІ
S - State: ЖАҒДАЙ, КҮЙ
T - Teach: ҮЙРЕТУ

B - Believe [СЕНІМ].
Кез келген бастама үшін сенім өте маңызды. Генри Фордтың сөзі бар: “Егер сенсең қолыңнан келеді. Сенбесең жасай алмайсың”. Сол үшін СЕНІМ - есіктің кілті! Тек сол кілт арқылы ішке кіре аласыз.

E - Exercise [ЖАТТЫҒУ, ПРАКТИКА ЖАСАУ].
Бұл сөздің екі мағынасы бар. Біріншісі, дене шынықтыру. Дене шыныққан сайын, мидың жұмыс істеуі де күшейеді. Екіншісі, үйренген нәрсені іс жүзіне асыру. Практика жасаған сайын, тереңдей түсесіз.

F - Forget [ҰМЫТУ].
Неге біз осы, бір қабілетті тез үйрене алмай жатамыз? Бәлкім бәрін білеміз деп ойлағаннан болар. Сол үшін бір нәрсе үйреніп жатқанда, уақытша бәрін ұмытқан жөн. Үйренудің қас жауы - МЕН БІЛЕМ деген сөз.

A - Active [БЕЛСЕНДІ].
Футбол ойынын бәріміз білеміз. Сол ойында алаңдағы ойыншы болған дұрыс, көрермен емес. Алаңдағы футболшы ғана белсенді. Сондықтан да бәрінің назары соларда.

Қағаз-қалам алып, маңызды ақпараттарды түртіп алыңыз. Сұрақ сұраңыз. Сұрақтың жаманы - сұралмаған сұрақ екенін ұмытпаңыз. Үйренуге бар ынтаңызды салыңыз. Белсенді болыңыз.

S - State [ЖАҒДАЙ, КҮЙ].
Қорқыныш, үрей, уайымнан құтылыңыз. Терең тыныс алыңыз. Медитация жасаңыз. Көңіл-күйіңізді әрдайым көтеріңкі ұстаңыз. Өйткені қазіргі көңіл-күйіңіз үйренуіңізге тікелей әсер етеді.

T - Teach [ҮЙРЕТУ].
Біреуге үйретем деген ниетпен үйренсеңіз, жадыңызда жақсы қалады. Үйренген нәрсеңізді үйрету арқылы кемшіліктеріңізді байқайсыз. Қатеңізді де түзейсіз. Үйренгеніңізді қайталайсыз. Ал қайталаусыз білім өледі.

Сонымен “BE FAST” формуласын да үйрендік. Енді қолданайық, достар. Бөлісу бізден, әрекет сізден!

https://t.me/almatzhai