Get Mystery Box with random crypto!

Бүгін сізді біраз демалдыру әрі қызықтыру мақсатында, бір әңгі | Алмат Жайлаубаев

Бүгін сізді біраз демалдыру әрі қызықтыру мақсатында, бір әңгіме айтып берейін. Өз ісіне ғашық бір кісі туралы.

Бұл әңгіме әйгілі ұстаз - Рон Кларк жайлы болмақ. “Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға” сөзін - өмірімен көрсеткен адам.

Рон Кларк 1972 жылы туылған. АҚШ-та мұғалім болып жұмыс істейді. Солтүстік Каролина Шығыс университетінде білім алған.

Оның арманы мұғалім болу еді. Арманы орындалып, мұғалім болып орта мектепке келеді. Оған берілген сыныптың оқушылары тентектердің нағыз өзі еді.

Оқушылардың үлгерімі өте төмен, басқа мұғалімдер шыдай алмай қашатын болған. Ал отбасыларының әлеуметтік жағдайы болса нашар.

Ол оқушыларды бір көргеннен-ақ өзіне деген сенімдерін арттыруды қолға алады. Ол үшін көптеген әдістер қолданады. Соның бірі - бағаны көтеріп қою еді. Ал бұл әдіс - оқушының өзіне деген сенімі мен ынтасын арттырып, білім алуына ықпал ететінін тәжірибемен түсінген болатын.

Рон мектептен тыс, олардың жеке өмірлерін де жақсартуды көздеді. Бұл оны шабыттандыратын еді. Қатты ауырып тұрса да, балаларымен бірге болуды қалайтын.

Бұлардан адам болмайды деген сыныптың балалары - Ронның арқасында өмірден өз орындарын тапқан еді. Бір адам қанша адамның өміріне әсер еткенін қараңызшы!

Рон ұстаз әлі күнге дейін сабақ береді. Бірнеше бестселлер кітап та жазып тастаған. Кітаптан түскен табыстың 3,5 миллион долларын мектеп жобасына салады.

Сөйтіп 2007 жылы ол Шығыс Атлантада "Рон Кларк Академиясы" деген мектеп ашады. Бұл академияда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың да, байлардың да баласы тәлім алады.

Академия оқушыларының білім көрсеткіші өте жоғары. Рон оқушыларына әрқашан шабыт беріп отырады. Ол балаларға сенім артып, еш қысым жасамайды. Балаларды жақсы көріп, жақсы жаққа өзгеруіне көмектесіп отырады.

Ең бастысы балалар мектепті қатты жақсы көреді, және оқу процесін де ұнатады.

Ол жердегі мұғалімдер де бақытты. Айлықтары да жоғары. Бүкіл жағдайлар жасалған.

Рон Кларк академиясы оқушыларымен әртүрлі елдерге сапар жасап отырады. Өйткені сапар - баланың көкжиегін кеңейтіп, өмірге деген көз қарасын өзгертеді.

Рон - Нағыз өз ісіне ғашық адам!

Шын өмірден алынған осындай мысалдардың пайдасы көп. Мен осындай әңгімелерден көп дәріс шығарамын.

Рон Кларк өміріне байланысты керемет бір фильм түсірілген. Жанұямен отырып көруге болады. “История Рона Кларка” (The Ron Clark Story) деп аталады. Кеңес беремін.

PS. Ыбырай Алтынсарин жайлы керемет бір фильм болса ғой деген арманым бар.

https://t.me/almatzhai