Get Mystery Box with random crypto!

[Жалғасы] Аз уақытта көп іс тындыруға көмекші 4 әдет. Кеше бі | Алмат Жайлаубаев

[Жалғасы]
Аз уақытта көп іс тындыруға көмекші 4 әдет.

Кеше бір оқырманым: «Аз болса да, үздіксіз жасап отыру. Сонда сол істі соңына дейін жеткізе аламыз. Әрі ол істен жалықпаймыз.» - деп жазыпты.

Ия, дұрыс! Қарап тұрсаңыз қарапайым нәрсе. Бірақ неге бәрі солай істемейді/істей алмайды? Өйткені тақырып өте күрделі. Тереңіне түсіп, бұл істі біржолата шешу керек. Әйтпесе тым кеш болып қалуы мүмкін.

Сол себептен кейінге қалдыру әдетімізге деген ойымызды өзгертіп көрейікші. Кеттік.

1. Бақылап, байқаңыз.

Неге кейінге қалдырып жатқаныңызға ой жүгіртіп көріңізші. Бір ойлар мен сезімдердің автоматты түрде келгенін байқайсыз. Міне соларға көңіл бөліп, түсінуге тырысыңыз.

Мұны мета-таным [meta-cognition] деп атайды. Мета-таным – өз ойыңызға көз жүгірту. Яғни ойлау жүйеңізді зерттеу.
Бұл өте пайдалы процесс.

Біріншіден өзіңізді тани бастайсыз. Екіншіден әлгі өзіңізбен жағымсыз диалогты азайтасыз. Үшіншіден сіздің көңілді ала беретін заттардың әсерін төмендетесіз. Өйткені «жауын таныған жеңілмейді» дейді ғой.

2. Қабылдаңыз.

Кейінге қалдырып жүрген істеріңізді жазыңыз. Жазғанда мойындайсыз. Жауапкершілікті өз мойныңызға аласыз деген сөз. Осылайша көңілдің бөлініп, бір істі әрдайым кейінге қалдырып жүргеніңізді қабылдайсыз.

Яғни жауын таныған сайын, соған қарай қару-жарақ та дайындалады.

3. Оңайлатыңыз.

Өзіңізге былай деңіз: «Бұл әлемде істерін кейінге қалдырып жүрген жалғыз мен емес.»

Бұл сөз - мойныңыздағы ауыр жүкті алып тастайды. Жеңілдеп қаласыз.

Өткен шақта ештеңеге қарамай бір істі бітіргеніңізді немесе бір жетістікке жеткеніңізді еске алыңызшы. Қаласаңыз қолыңыздан келетінін түсінесіз. Бұл сізді әрекетке шақырады. Өзіңізге деген сенімді арттыра түседі.

4. Қорықпаңыз.

Кейінге қалдыру ауруынан қорықпаңыз. Сіз сол ауру арқылы көтерілесіз. Қалай дейсіз ғой? Былай:

Алланың қарғысын алған шайтан бар. Адамдарды азғырады да тұрады. Бірақ адам баласы сол шайтанның құрығына түспеу арқылы – Аллаға жақындап, дәрежесі көтеріледі. Ақтық демі шыққанға дейін шайтан азғыруын тоқтатпайды, ешқайда кетпейді.

Дәл сол сияқты кейінге қалдыру ауруы да ешқайда кетпейді. Оның бар екенін қабылдап, өмірлік сапарыңыздағы бір жолаушы екенін ұмытпаңыз. Сонда миыңызды одан қорықпауға үйретесіз. Әсерін азайтып, оның ығына жығылудан құтыла бастайсыз.

Әйтпесе өзіңізді әрдайым сынап, басыңызда жағымсыз диалогтар құрып, өмірді қиындатып аласыз. Сіз жоғарыда жазылған 4 нәрсені жасаңыз. Сонда әрекет өздігінен басталады.

Сондықтан болса керек Ислам дінінде «қиындатпаңдар, жеңілдетіңдер!» - делінеді.

Осылайша кейінге қалдыру әдетімен алыспай, оны өз пайдаңызға қолдануды үйреніңіз.

[4 әдеттің біреуін ғана бітірдік, алда әлі 3-еуі бар.]

Жалғасы бар