Get Mystery Box with random crypto!

​​Күнге айналып кететұғын күлгенде, Қыз дегенің қазына ғой біл | Қазақ әдебиеті

​​Күнге айналып кететұғын күлгенде,
Қыз дегенің қазына ғой білгенге.
Қыздар үшін жалпақ әлем жайқалып,
Қыздар үшін өседі екен гүлдер де.

Көзді салып қыраттарға, көк белге,
Қыз арқылы ораламыз өткенге.
Қыздар үшін тұтас әлем түрленіп,
Қыздар үшін келеді екен көктем де.

Махаббаттан асқан сірә, күш бар ма,
Не жетеді сұлулықты құшқанға.
Қанат қағып қоңыр күзде аттанған,
Қыздар үшін оралады құстар да.

Арайланып асылғанда таң белге,
Бірер сәтке ойланып көр мән бер де.
Қыздар үшін мынау әлем жырланып,
Қыздар үшін шырқалады әндер де.

Қолаң шашты, қос бұрымды, кекілді,
Қызға айналар мына ғалам не түрлі.
Шартарапты құйқылжытқан құс үні,
Сыңғырлаған қыз күлкісі секілді.

Көңіліңнің кермесінен күн шығып,
Дүниеге кірісесің құлшынып…
Қыздарменен қайырлы екен дүние,
Қыздарменен көрікті екен тіршілік.

// Әлібек Шегебай - Қыздар үшін…

@adebiett #поэзия