Get Mystery Box with random crypto!

Келетін менің келінім, Артып тұр саған сенімім. Құлағыңа сөзім | Қазақ әдебиеті

Келетін менің келінім,
Артып тұр саған сенімім.
Құлағыңа сөзім бар,
Гүлі бол түскен еліңнің.

Сыйлай біл үлкен-кішісін,
Келіні болып түскесін.
Көлденең кеспе жолдарын,
Есітіп мұны өскенсің.

Иіліп қана сәлем сал,
Қариялардан бата ал.
Батамен өсіп-өнерсің,
Жадыңа соны сақтап қал.

Ұлтыңның салтын сақта да,
Үлкеннің атын атама.
Құрметке артық ие бол,
Келіндік атын ақта да.

Өсекке жақын жолама,
Қалмайсың сонда жалаға.
Орнына қызу еңбек ет,
Еңбегің кетпес далаға.

Сөздерің болсын бал-шырын,
Онда мол сиқыр жасырын.
Қылышпен алмас жауды да,
Сөзбенен алғын ақырын.

Ертерек тұрып, кеш жатсаң,
Әдет қып мұны ұнатсаң.
Тірлігің болар орнында,
Өзіңді өзің ширатсаң.

// Лала Жүнісқызы - Келініме