Get Mystery Box with random crypto!

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра. Қазақ – нағыз | Қазақ әдебиеті

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра.
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын
Деп бір қаһан шанағына құйған оның қорғасын.

Жалған сөйлеп көрген емес бірақ соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.

Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік.
Ол мақауды сөйлетеді, жылатады кереңді.

Көкірекке толған кезде бар қуаныш, бар бақыт,
Сандуғаш боп, бұлбұл болып сайрайды ол әр уақыт.

Көкірекке толған кезде бар қасірет, бар қайғы,
Бозінген боп боздайды ол, бозінген боп сарнайды.

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра.
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!

// Қадыр Мырза Әли - Домбыра