Get Mystery Box with random crypto!

АҚПАРАТ ҮШІН! 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірде | БІЛІМ КƏСІПОДАҒЫ // ПРОФСОЮЗ ОБРАЗОВАНИЯ

АҚПАРАТ ҮШІН!

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі басталады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда заңнамалық түрде жалпыға бірдей декларация енгізілген. Жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңде жүзеге асырылады.

Жалпыға бірдей декларацияны енгізудің барлық кезеңдерінде барлық декларанттар 250.00 нысанда «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация» ұсынуы керек.

Бірінші кезеңде, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны (н. 250.00) жалпыға бірдей декларацияны:

- жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары;
- «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы» , «Бағалы қағаздар нарығы туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация беруге міндетті тұлғалар берді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңіне, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары кірді.
Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне мемлекеттік және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлері (мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың, емханалардың қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер және т.б., яғни мемлекеттік бюджеттен жалақы алатын барлық қызметкерлер) жатады.
ҚР Бюджет кодексінің 3-бабы 1-тармағы 31) тармақшасына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, ЖШС, АҚ, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар.

Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады.

Төртінші кезеңде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттары тапсырады.

2-кезеңнің декларанттары үшін декларацияны ұсыну мерзімдері:
- қағаз жүзінде – 2023 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей;
- электрондық жеткізгіште – 2023 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей.

Мемлекеттiк лауазымға немесе мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар және олардың жұбайлары, сайланбалы лауазымға кандидаттар үшiн өзге мерзімдер белгiленген:

ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының 11-бабы 2-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) – лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) лауазымға тағайындау туралы актісі шығарылғанға дейін (декларация тапсыру айының бірінші күніндегі жағдай бойынша) тапсырады.
Сайланбалы қызметке кандидаттар декларацияны ұсыну мерзімі басталатын айдың бірінші күніне тапсырады.

Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет - ескерту, ал екінші рет салық органдары декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК, толық емес ақпаратты көрсеткені үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салуы мүмкін.