Get Mystery Box with random crypto!

КӘСІПОДАҚТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ АРАЛАСУ ТУРАЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛАЛЫ | БІЛІМ КƏСІПОДАҒЫ // ПРОФСОЮЗ ОБРАЗОВАНИЯ

КӘСІПОДАҚТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ АРАЛАСУ ТУРАЛЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛАЛЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПТІК ОДАҒЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен жұмысшылар өкілдерінің қоғамдық келісімді нығайту, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, демократия институттарын дамыту ісіндегі күш-жігерін шоғырландыру болып табылады.

Қазақстан Республикасының заңнамалары мен халықаралық құқық шеңберінде әрекет ете отырып, барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде мемлекеттік билік органдарымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
Алайда, жекелеген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан кәсіподақтарды бағындыруға, олардың қызметін бақылауға алуға деген ұмтылыс байқалады.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жекелеген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» 2014 жылғы 27 маусымдағы № 211-V Заңын бұзғаны туралы ресми мәлімдейді, бұл құқықтық құжат кәсіподақтардың құқықтарын шектеуге немесе олардың жарғылық қызметін заңды жүзеге асыруға кедергі келтіруге әкелуі мүмкін мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының кәсіподақтардың қызметіне заңсыз араласуына тыйым салады.
Атап айтқанда, «Қарағанды облысы әкімдігінің білім басқармасы» КММ басшысы Г.Ш. Қожахметова жоғарыда аталған Заңның 4-бабы 3-тармағының, 7-бабы 3-тармағының талаптарын бұза отырып, облыстық кәсіподақ ұйымына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында қызметкерлерді кәсіподақ құрамынан шығуға мәжбүрлеп, өз басқаруындағы және бақылауындағы өз бастамасы бойынша құрылған кәсіподаққа кіргізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Осындай заңсыз әрекеттер Осакаров ауданы және Теміртау қаласы білім бөлімдерінің басшылары А И.Ақмағанбетова мен Р. К. Қазтаев тарапынан да жасалуда. Лауазымды тұлғалар өздеріне бағынышты білім беру ұйымдарының басшылары арқылы қорқыту жолымен кәсіподақ мүшелерін Салалық кәсіподақтан шығып, басқа кәсіподаққа ауысуы туралы өтініштер әкелуге мәжбүрлеуде.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 148-бабының 2-тармағы бойынша тиісті деңгейлерде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруды қамтамасыз ету уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеледі. Бұл тұрғыда, Қарағанды өңірінде білім басқармасы органдары көрсетілген нормаға қарамастан заңнамамен белгіленген міндетті орындамай, жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен мемлекеттің мүдделерін келісудің қалыптасқан жүйесін бұзуға бағытталған іс-әрекеттер жасап отыр.

Білім басқармасының басшысы кәсіподақ ұйымымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіріп, кәсіподақ өкілдерін елемей, әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің міндеттемелерін орындаудан жалтаруда.
ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңының 16-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес кәсіподақтар өз өкілдері атынан келісімдер мен ұжымдық шарттар бойынша кәсіподақ мүшелерінің жұмыс орындарына баруға құқылы. Бұл орайда, Қарағанды облысы Шет ауданының білім бөлімінің басшысы Е. Ж. Смағұл мырза ведомстволық бағынышты білім беру ұйымдарының басшыларына кәсіподақ өкілдеріне білім ұйымдарына баруына жол бермеу туралы бұйрық беріп, Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің талаптарына қайшы, мүшелік кәсіподақ жарналарын қолма-қол ақшасыз аударуға тыйым салған.

Азаматтардың бірлестіктер бостандығына құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабының 1-тармағында бекітілгенін ескерген жөн.
ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңының 4-бабының 3-тармағына сәйкес кәсіподақ қызметіне қарсы іс-қимыл жасауға, сол сияқты оның істеріне заңсыз араласуға жол берілмейтінін атап өтеміз. Аталған заңнамалық актінің 7-бабының 3-тармағында адамдарға кәсіподаққа кіруден бас тартуға, бір кәсіподақтан шығып, екіншісіне кіруге не кәсіподақты өз бетінше таратуға мәжбүрлеу мақсатында оларға қатер төндіріп немесе басқа да заңсыз әрекеттермен ықпал етуге тыйым салынған.