Get Mystery Box with random crypto!

Ақтөбеде «MinTech-АқтөбеМұнайХим 2022» халықаралық көрмесі өту | News of Aktobe region 🇰🇿

Ақтөбеде «MinTech-АқтөбеМұнайХим 2022» халықаралық көрмесі өтуде

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «MinTech- АқтөбеМұнайХим 2022» мамандандырылған көрмесін аралап, экономиканың тау-кен, металлургия, энергетика және мұнай химиясы салаларын қамтитын экспозициялармен танысты.

Көрме Ақтөбеде осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Оған әлемнің 5 елінен: Германия, Польша, Италия, Ресей және Қазақстаннан қазіргі заманғы технологиялар мен жабдықтарды өндіруші 50-ге жуық жетекші компания қатысып жатыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың нақты секторын дамыту міндетін қойды. Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында барлық қажетті шаралар атқарылуда. Біздің облыс минералдық ресурстарға бай, Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік аймақтардың бірі, мұнда кәсіпкерлікті дамытуға, инвесторларды тартуға қажетті жағдай жасалған», - деген  облыс әкімі салада 1111 кәсіпорын жұмыс істейтінін алға тартты.

Олардың 238-і тау-кен, 733-і өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді. 80 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді.

«Олар өндіретін өнімдер өңдеудің екінші және үшінші деңгейіне жатады. Біздің алдымызда өңдеу деңгейі жоғары өндіріс орындарын ашу мақсаты тұр. Бұл бағыт тауар түрлерін ұлғайтады, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы импортты алмастыруға бағытталған жоғары технологиялық өнімдермен ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Бұл көрме өнеркәсіптік жабдықтар мен технологияларды өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы ынтымақтастық пен өзара әрекеттестікке ықпал етіп, заманауи өндірістерді құру жолдарын іздеуге негіз болатынына сенімдімін. Ресурстық әлеуеті зор тәуелсіз мемлекетіміз үшін ынтымақтастық өте маңызды», - деп Ералы Тоғжанов сөзін түйіндеді.

Облыс әкімі Қазақстанның тау-кен металлургия және мұнай-химия кешендерінің негізгі компанияларының, сондай-ақ Германия, Италия, Ресейдің осы салаларға арналған құрал-жабдықтарды шығаратын жетекші өндірушілерінің экспозицияларымен танысты.

Биыл 46 компания жоғары технологиялық өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында польшалық PWI «INWET» S.A., итальяндық-ресейлік DIEMME SOIL WASHING компаниясы, ресейлік «Вибротехник» ЖШҚ, «УралАктив» компаниялары бар. Қазақстанның атынан «ГорМаш Восток», Nobilium Energy, «AзияСнабТорг» ЖШС және т.б. жаңа кәсіпорындары бар. 

Қатысушылар әлеуетті тұтынушыларға екі күн бойы өз тауарлары мен қызметтерін ұсынып қана қоймай, B-2-B кездесулерін өткізуге, сонымен қатар өңірлердің сұраныстарын зерделеуге мүмкіндік алады.

Көрме аясында шеберлік сыныптары, панельдік сессиялар ұйымдастырылып, облыстың жетекші кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі