Get Mystery Box with random crypto!

Өңірде Мемлекет басшысының 2025 жылға халықтың 100% сапалы ауы | News of Aktobe region 🇰🇿

Өңірде Мемлекет басшысының 2025 жылға халықтың 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау бойынша шаралар тиімді іске асырылуда.

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Темір ауданы Қалмаққырған ауылында сумен жабдықтау нысанын іске қосуға қатысты. Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарына арнаған сөзінде Президенттің халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалатынын атап өтті.

Қалмаққырған ауылында барлығы 7,9 км. су құбыры желілері мен тиісті инфрақұрылым құрылысына мемлекет 278,1 млн. теңге бөлді. Орталықтандырылған су жүйесіне 400-ден астам адам тұратын 70-ке жуық үйлер мен амбулаториялық пункт қосылды.

«Әлихан Ойл З» мердігер компаниясы нысан іске қосылған күні көпбалалы Сұлтановтар отбасына кір жуғыш машинаны сыйға тартты.

Айта кетейік, бүгінде Темір ауданы халқының 96,7% - ы орталықтандырылған сумен, 91,7% - ы газбен қамтамасыз етілген. Ауылдық елді мекендерді газбен және сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Өңір басшысы Шұбарқұдық ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Облыс әкімі қысқа мерзімде 16 пәтерлі екі қабатты коммуналдық үйдің құрылысын қайта бастау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Өткен жылы басталған нысан құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тоқтап қалған. Алдын ала есептеулер бойынша қосымша 45 миллион теңге қажет. Құрылыстың аяқталуын кезекте тұрғандар асыға күтуде. Ауданда тұрғын үйге кезекте барлығы 550 адам тұр.

Орталық аудандық ауруханада кадр бойынша мәселе көтерілді, нақтырақ айтқанда тар шеңберлі дәрігер мамандығынан  алты маман жетіспейді.

«Мамандар үшін жағдай жасау керек. Мен бұл міндетті барлық аудандар бойынша қойдым. Бізде медициналық университет бар, бірақ өзімізді кадрлармен қамтамасыз ете алмай отырмыз, мұндай жағдай болмауы тиіс», - деді Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ, өңір басшысы Темір, Ойыл және Байғанин аудандарының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін 100 орындық ауданаралық аурухана салу жоспарымен танысты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі