Get Mystery Box with random crypto!

Ералы Тоғжанов: Біз жастардың креативті бастамаларына жан-жақт | News of Aktobe region 🇰🇿

Ералы Тоғжанов: Біз жастардың креативті бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз

Бүгін Ақтөбеде «Ақтөбе – мүмкіндіктер мекені» жастар форумы өтіп, оның аясында жастар саясатын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Форумға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Asar Ume қоғамдық қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, түрлі салаларда, соның ішінде креативті индустрияда стартаптарды сәтті жүзеге асырған жас кәсіпкерлер қатысты. Өңір басшысының шақыруымен форумға қатысу үшін Ақтөбеге аралас жекпе-жектен жеңілмеген қазақстандық күрескер Шавкат Рахмонов келді. 

Талқылаудың өзекті тақырыбы Ақтөбе облысындағы креативті салаларды дамыту перспективалары болды. Облыс әкімі креативті индустрия жаңа технологиялардың және экономикалық өсу драйверінің негізгі көзі екенін атап өтті.

«Бүгінде облыста 14 пен 28 жас аралығындағы 170 мыңнан астам адам тұрады. Халықтың жалпы санынан жастардың үлесі 20 пайызға жуық. Жақында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға арнаған үндеуінде білімге ұмтылу қажеттілігі туралы айтқанда болашақ цифрлық технологиялар мен инновацияларда екенін, жастардың қатысуымен еліміз азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс деп атап көрсеткен болатын. Біз осы бағытта облысымыздың дарынды жастарының бастамаларын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Е.Тоғжанов.

Ол жас ақтөбеліктер қазірдің өзінде креативті индустрияның негізгі бағыттарының бірі – IT саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, Ермек Серікбай елімізде бірінші болып адам тәрізді робот жасаса, Айболат Құлатай 30-дан астам мобильді қосымша әзірлеген. Екеуі де бүгінде технологиялық компаниялардың негізін салушылар.

Креативті кластерлер қайырымдылықты дамытудың тиімді кеңістігіне айналуы мүмкін, дейді Асхат Нұрмашев. Соңғы үш жылда оның Asar Ume қоры 2700-ден астам бала тәрбиелеп отырған 440 мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз етті.

«Жақында біз «Асар жолы» жобасын жүзеге асырып, онымен барлық өңірлерді араладық. Біздің міндетіміз тек үй сатып алумен ғана шектелмейді, басты мақсат – масылдықтан құтылу, қамқорлығымыздағы жандарды кейін өздері меценаттық таныта алатындай бақуатты ету. Үй тек алғашқы қадам, сосын кәсіп ашуға, бала тәрбиесіне көмектесеміз. Айтайын дегенім, дәл Ақтөбеде «Асар жолы» жобасы бойынша рекордтық төлем болған», - деді А.Нұрмашев.

Форум аясында көптеген ұсыныстар айтылып, жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған түрлі жобалар қарастырылды.

Цифрлық технопарк құру мақсатында Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасы мен «Next Gen Aktobe» IT бірлестігі арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Өңір басшысы форумға қатысушылардың назарын, әсіресе, ауылдық жерлерде жастарды жұмыспен қамту мәселесіне аударды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін келесі жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынбақ. Оны жүзеге асыру ауыл жастарын лайықты табыс деңгейі бар жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, жастардың ауылдан ірі елді мекендерге кетуін тоқтатады.

«Бүгінгі басқосуымыздың басты мақсаты – түрлі салада еңбек етіп жүрген жастардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, оны жүзеге асырудың жолдарын бірлесіп іздеу. Жастық жалын неғұрлым жарқыраған, күшті болса, мемлекеттің болашағы соғұрлым күшті, қуатты, тұрақты деп білеміз. Сіздердің бастамаларыңыз бен соларды жүзеге асыру жолындағы күш-жігеріңіз тәуелсіз еліміз бен өңіріміздің дамып, өркендеуіне зор үлес қосатынына сенімдімін», – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Е.Тоғжанов.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі